27 қаңтар – Халықаралық Холокост құрбандарын еске алу күні: Президент Ицхак Герцогқа жеделхат жолдады
Бүгін, 27 қаңтар — әлем жұртшылығы адамзат тарихындағы ең ауыр қасіреттің бірі Холокост құрбандарын еске алуда. 1945 жылдың дәл осы күні ең ірі өлім лагері саналған «Освенцим» (Аушвиц) тұтқындары азат етілген болатын, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Холокост — нацистік Германия (1933-1945 жж.) және басқа да расистік мемлекеттердің қолдауымен жүзеге асырылған, идеологиялық тұрғыдан негізделген жаппай қуғын-сүргін. БҰҰ (UN) мәлімдеуінше, бұл мемлекеттік деңгейдегі геноцид нәтижесінде Еуропа бойынша 6 миллионға жуық еврей және жарты миллионнан астам ром мен синти халықтары жүйелі түрде жойылды.
Тарихшылардың пайымдауынша, Холокост құрбандарының төрттен бірі, яғни 1,5 миллионнан астам адам газ камераларына жетпестен, жаппай ату жазасымен жойылған. Бұл қанды оқиғалар негізінен Шығыс Еуропа аумағындағы елді мекендерде орын алды. Нацистік жазалау топтары адамдарды орманды алқаптар мен арнайы қазылған орларда қырғынға ұшыратқан.
Осы күнге орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль Президенті Ицхак Герцогқа жеделхат жолдады. Бұл туралы Sadaq.kz ақпарат агенттігі akorda.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Президент өз жеделхатында Холокост жылдарында қаза болған миллиондаған жазықсыз құрбандарға қатысты көңіл білдіріп, еліміздің ұстанымын келесідей атап өтті:
«Еліміз этникалық және діни өшпенділік пен зорлық-зомбылықтың кез келген түрін қатаң айыптайды, адамзатқа қарсы мұндай қылмыстың қайталануына жол бермеу жөніндегі халықаралық қоғамдастықтың ортақ күш-жігерін қолдайды. Қазақстан Холокост жылдарында жер аударылған көптеген еврейге мекен болды. Бүгінде еврей қауымдастығы қоғамымыздың ажырамас бөлігі саналады».
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0