«Кенесары хан үшін кешірім сұраймын»: қырғыз билігін дүрліктірген Примбердиев қандай адам?

Қырғыздың белгілі әншісі Қайрат Примбердиевтің Кенесары ханның өлімі үшін қазақ халқынан кешірім сұрауы өз елінде үлкен резонанс тудырып жіберді. Әншінің сұқбат барысында жасаған мәлімдемесі ұлтаралық алауыздықты қоздырды деп бағаланып, Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті арнайы іс қозғады. Әншіге сотталып кету қаупі төніп тұр, деп хабарлады sadaq.kz ақпарат порталы.
Қылмыстық кодекстің бұл бабы бойынша айыпталғандар бес жылға дейін бас бостандығынан айырылады немесе ірі көлемде айыппұл арқалайды. Қырғызстанның мәдениет вице-министрі Марат Тағаев әншіні «көрші елдердің насихатына еріп кетті» деп айыптап, оның бұл мәлімдемесін «қырғыз халқына тарихтағы олқылықтарды басқа елдердің көзқарасы арқылы қабылдауына әкеліп соқтырып отыр», - деп атап өтті.
Кейбір БАҚ құралдарының мәліметінше, Қайрат Примбердиев қамауға алынбағанымен, оған елден шығуға тыйым салынған.
Примбердиев не деп еді?
Қайрат Примбердиев YouTube арналарының біріне берген сұқбаты кезінде қазақтың соңғы ханы, саяси және әскери қайраткері Кенесары Қасымұлының өлімі үшін қазақ халқынан кешірім сұраған еді. «Біздің Ормон хан Кенесары ханды өлтіруге мәжбүр болды. Мен тек өз атымнан қазақ халқынан осылай болғаны үшін кешірім сұрағым келеді», – деді Примбердиев.
Бірер күннен кейін Кайрат Примбердиев тағы да халық алдына шықты. Бұл жолы ол өзінің Instagram парақшасы арқылы шығып, қазақ журналистеріне берген сұқбаты туралы айтқан. Айтуынша, сұқбат шамамен бір сағатқа созылған, бірақ жұрт арасында дау тудырып жатқан видеода тек кешірім сұраған жері ғана көрсетілген. «Мен онда бүкіл қырғыз халқының атынан емес, тек өз атымнан кешірім сұрадым. Алайда сұхбаттың толық нұсқасын тыңдасаңыз, шын жүректен айтылған сөздерімнің мағынасы түсінікті болады», – деді әнші.
Алайда бұл да қырғыз билігін жұмсарта алмады.
Қазақ қоғамы қалай қабылдады?
Расы керек қырғыз халқын дүр еткізген бұл оқиға елімізде назардан тыс қалды деуге болады. Сол секілді ел билігі немесе ресми органдар тарапынан да айта қоярлықтай реакция болған жоқ.
Примбердиев жай ғана музыкант па?
Ғаламтор бетін ақтарып отырып Примбердиев туралы біраз ақпаратқа қанықтық. Ол музыкант қана емес, қоғам белсендісі екен. Примбердиев халық арасында музыкалық талантымен ғана емес, әлеуметтік белсенділігімен де танымал тұлға. Ол өзінің образын қарапайым әншіден бастап, қоғамдық пікір айтушы ретінде қалыптастырған.
Пандемия кезіндегі наразылық
2020 жылы коронавирус пандемиясы әлемді шарпыған кезде, Примбердиев Қырғызстандағы жағдайға бей-жай қарамады. Ол биліктің індетке қарсы әрекеттеріне наразылық ретінде «Жетишет» атты ән шығарды. Бұл композиция халық арасында резонанс тудырып, әншінің қоғамдық проблемаларға деген сезімталдығын көрсетті. Пандемия кезіндегі қиындықтарды музыка арқылы жеткізу оның шығармашылығы мен ұстанымының үйлесімін байқатты.
Баткен қақтығысына қолдау
2022 жылдың күзінде қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыс Баткен облысының тұрғындарын ауыр күйде қалдырған еді. Примбердиев бұл оқиғаға да үнсіз қалмады. Ол әлеуметтік желілер арқылы зардап шеккендерге қолдау білдіріп, халықтың назарын осы мәселеге аударды. Бұл қадамы оның туған жеріне деген жанашырлығын және әлеуметтік жауапкершілігін тағы бір дәлелдеді.
Даулы шоу және билікпен қақтығыс
Примбердиевтің әлеуметтік белсенділігі әрдайым оң бағаға ие бола бермеді. 2021 жылы ол «В пи#ду звезду» атты қырғыз интернет-шоуына қатысып, қоғамда қызу талқы тудырды. Шоу барысындағы әдепсіз әзілдер Қырғызстанның сол кездегі мәдениет министрі Нуржигит Кадырбековтың сынына ұшырады. Министр әншіні еңбек сіңірген әртіс атағынан айыруды және оның шығармашылығына шектеу қоюды ұсынды. Алайда Примбердиев мұны қоғамдық мәселелерді көтеруге мүмкіндік ретінде пайдаланды. Ол өзіне бағытталған бұл сынға: «Коррупционерлерді, адал емес милиция мен судьяларды мұқият бақылаңыздар!», – деп жауап беріп, назарды керісінше биліктің кемшіліктеріне аударып жіберді.
Бұл оқиға билік өкілдеріне Примбердиевтің позициясын қолдайтын қоғамдық қолдаудың бар екенін көрсетіп бергенге ұқсайды.
Кенесары ханның басы қайда?
Кенесары хан (Кенесары Қасымұлы) — қазақ халқының соңғы ханы, 1837-1847 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістің көсемі әрі Абылай ханның немересі. Оның тағдыры мен әсіресе бас сүйегінің қайда екені қазақ тарихындағы ең көп талқыланатын әрі жұмбақ тақырыптардың бірі. Бұл мәселе қазақтар үшін тек тарихи ғана емес, сакральды мәнге ие, өйткені Кенесары тәуелсіздік үшін күрескен ұлы тұлға ретінде ұлттық рухтың символы саналады.
Кенесары хан 1847 жылы сәуірде қазіргі Қырғызстан аумағындағы Кекілік-Сеңгір аймағында қырғыз манаптарының қолынан қаза тапты. Ол қоршауға түсіп, өлтірілгеннен кейін басы кесіліп, Ресей патша әкімшілігіне жіберілді. Тарихи деректер бойынша, ханның бас сүйегі алғашқыда Омбыға жеткізілген. Бұл туралы Шоқан Уәлихановтың замандасы, орыс этнографы Григорий Потанин өз естеліктерінде жазған. Кейіннен бас сүйек Санкт-Петербургке, Кунсткамераға немесе Эрмитажға жөнелтілген деген болжамдар айтылады. Алайда, Кенесарының басы кейіннен қайда кеткені туралы нақты дәлел жоқ.
Бірнеше рет іздеу жұмыстары жүргізілді. Тіптен Кәрім Мәсімовтің өзі (Премьер-министр кезінде) де Хан Кененің басын қайтармақ ниеті барын айтты. Бірақ еш нәтиже бермеді.
2021 жылы Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Омбыда Кенесарының басы табылды деген хабар таратты. Табылған бас сүйекке генетикалық сараптама жүргізілетінін айтқан. Бірақ бұл жоба да аяқсыз қалды.
Қазіргі уақытта бірнеше гипотеза бар:
Омбыда сақталған: Кейбір тарихшылар бас сүйектің Омбыдағы өлкетану музейінде ұзақ уақыт сақталғанын, бірақ кейін жоғалғанын немесе жасырынғанын айтады.
Санкт-Петербургте: Кунсткамерада немесе Ресейдің басқа мұражайларында болуы мүмкін деген пікір кең тараған, бірақ ресейлік билік мұны растамайды.
Жойылған: Совет кезінде, әсіресе 1980-жылдардан кейін Кенесарыға қатысты деректерді жасыру мақсатында бас сүйектің жойылғаны туралы да болжам бар.
Сол секілді Қазақстанға қайтарылды деген пікір де бар:
Кейбір ел аузындағы әңгімелерде ханның басы Қазақстанға жасырын түрде әкелініп, жерленген делінеді, бірақ бұған да нақты дәлел жоқ.
Хан Кененің басы - қазақ үшін сакральды ұғым.
Кенесары ханның бас сүйегі қазақ халқы үшін жай ғана жәдігер емес, ұлттық бірлік пен бостандықтың символы. Ел арасында «Кенесарының басы мен денесі қосылмайынша, қазақтың басы да қосылмайды» деген сөз бар. Бұл - ханның рухы тыныштық таппай, ұлттың толық рухани кемелдікке жетпейтінін білдіреді. Сондықтан оның басын елге қайтару - рухани және тарихи парыз ретінде қарастырылады. Бәлкім осы себептен де болар Кенесары ханның басына қатысты кез келген ақпарат қоғамда үлкен резонанс тудырып жатады.
Сіздің реакцияңыз қандай?






