Қазақстан балуандары Түркиядағы турнирде 12 алтын жеңіп алды

Сәуір 20, 2026 - 20:59
chat_bubble  0 visibility  1
Қазақстан балуандары Түркиядағы турнирде 12 алтын жеңіп алды
Фото: ҚКФ

Түркияның Анталия қаласында өткен Victory Cup халықаралық турнирінде Қазақстанның U17 және U20 жас санаттарындағы құрама командалары табысты өнер көрсетті.

Жиырмаға жуық елдің 800-ден астам спортшысы қатысқан турнирде Қазақстан балуандары 8 алтын, 9 күміс, 16 қола медаль еншіледі. Бозкілемге алдымен U17 жас санатындағы балуандарымыз шығып, күрестің үш түрі бойынша да жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.

Атап айтқанда, грек-рим күресінде қазақстандық спортшылар 3 алтын, 1 күміс және 8 қола медаль жеңіп алды. Жаңажол Қуанышбек (51 кг), Асқар Нұрали (60 кг) және Төлеш Марлен (65 кг) өз салмақтарында топ жарып, команданың жалпы жеңісіне үлес қосты. Нәтижесінде бұл бағдарламада Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық бірінші орыннан көрінді. Әзербайжан екінші болса, Түркия үшінші орын алды.

Осы қарқын еркін күресте де жалғасын тапты. Мәселен, Бақдәулет Ағабек (48 кг), Темірлан Мұрат (55 кг) және Әділет Рысбай (71 кг) алтын жүлдеге ие болып, Қазақстан құрамасының көшбасшылығын нығайтты. Жалпы есепте отандастарымыз 3 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жеңіп алып, бұл сында да бірінші орынға шықты.

Сондай-ақ, әйелдер күресінде де балуандарымыз жоғары деңгейде өнер көрсетті. Атап айтқанда, Інжу Баққожа (46 кг) мен Бағжан Құрманбай (73 кг) алтыннан алқа тағынды. Бұдан бөлек, команда қоржынына 5 күміс және 4 қола медаль түсті.

Осылайша, Қазақстан құрамасы бұл бағдарламада да жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Түркия екінші, ал Қырғызстан үшінші орынға тұрақтады. U20 жас санатындағы балуандар да жүлдеден тыс қалған жоқ.

Олар жекелеген салмақтарда жүлделі орындарға ие болып, командалық есепке өз үлестерін қосты. Атап айтар болсақ, грек-рим күресінде Әмірмұхаммед Қабулов (55 кг) алтын медаль жеңіп алды. Өз кезегінде Алпамыс Болатұлы (60 кг) мен Еркебұлан Анапия (82 кг) күміс жүлдеге ие болды.

Сондай-ақ, тағы бірнеше балуанымыз қола медаль еншілеп, U20 Қазақстан құрамасы бұл бағдарламада үшінші орынға тұрақтады. Еркін күресте Асхаб Хаджиев (86 кг) чемпион атанса, Ерхан Әбіл (79 кг) мен Дінмұхаммед Қасымбек (86 кг) қола жүлде иеленді. Бұл сында Қазақстан құрамасы жалпы есепте бесінші орын алды.

Нәзік жандарға келер болсақ, Анна Стратан (57 кг) мен Ұлдана Тілеухан (68 кг) алтын жүлде жеңіп алды. Бұдан бөлек, қазақстандық балуандар 5 қола медаль еншілеп, командалық есепте екінші орынға ие болды.

Осылайша, Анталиядағы халықаралық турнирде Қазақстанның жас балуандары әртүрлі жас санаттарында жоғары нәтиже көрсетіп, ел қоржынына жүлдені молынан салды.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0