АҚШ пен Венесуэла арасындағы соғыс ел экономикасына соққы болуы мүмкін
Венесуэладағы саяси сілкініс Қазақстан экономикасы мен ұлттық валютаға тікелей әсер етуі мүмкін, деп жазады sadaq.kz сайты Todayinfo.kz-ке сілтеме жасап.
Сарапшылар мұхиттың арғы жағындағы оқиғалар мұнай нарығындағы тепе-теңдікті бұзып, теңге бағамына қысым жасайды деп болжайды.
Соңғы тәулікте тараған мәліметтерге сүйенсек, АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэлаға қатысты қатаң шешім қабылдаған. Daily Mail және өзге де батыстық ақпарат құралдарының хабарлауынша, арнайы операция нәтижесінде ел президенті Николас Мадуро биліктен шеттетіліп, Америкаға жеткізілген. Бұл оқиға тек саяси ауыс-түйіс қана емес, әлемдік энергетика картасын қайта сызатын үлкен өзгерістің басы болуы мүмкін.
Қазақстан экономикасына қандай қауіп бар?
Сарапшылардың пайымдауынша, Венесуэладағы билік ауысуы Қазақстан үшін жағымсыз сценарийге ұласуы ықтимал. Мәселе мынада: Венесуэла – мұнай қорына бай мемлекет, бірақ санкциялар мен ішкі саясаттың кесірінен нарықтан тыс қалған еді. Енді билікке АҚШ-қа лоялды күштер келсе, елге «Шеврон» сияқты америкалық алып компаниялар еркін кіре бастайды.
Бұл компаниялар дайын инфрақұрылым арқылы мұнай өндіруді тез арада жолға қойып, шикізатты тікелей АҚШ нарығына тасымалдауы мүмкін. Венесуэла мұнайының өзіндік құны өте төмен және логистикалық тұрғыдан Солтүстік Америкаға өте жақын орналасқан. Бұл нарыққа арзан «қара алтынның» үлкен көлемін шығарып, әлемдік бағаны күрт төмендетуі мүмкін.
Теңге мен рубльге әсері
Мұнай бағасының құлдырауы шикізатқа тәуелді елдер үшін, соның ішінде Қазақстан мен Ресей үшін ауыр соққы болмақ.
Біріншіден, Сауд Арабиясы секілді нарық көшбасшылары өз үлесін сақтап қалу үшін бағаны одан әрі түсіруге мәжбүр болады.
Екіншіден, Қазақстан бюджетіне мұнайдан түсетін табыс азаяды.
Көршілес Ресей экономикасы да бұл қысымға төтеп бере алмай, рубльдің құнсыздануына әкелуі мүмкін. Ал көрші ел валютасының әлсіреуі және мұнай бағасының түсуі – теңге бағамына девальвациялық қысым жасайтын негізгі факторлар. Геосаяси жағдайдың өзгеруі алыстағы елде болса да, оның салқыны әрбір қазақстандықтың қалтасына әсер етуі ғажап емес.
Еске салайық, Венесуэлла президенті 2025 жылдың 8 мамырда Тоқаевпен кездессе, 2017 жылы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
1
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0