Астана мен Алматыда ақылы жеке тұрақтар жойылады

Қараша 20, 2025 - 21:25
Астана мен Алматыда ақылы жеке тұрақтар жойылады

Астана мен Алматы көшелеріндегі ақылы тұрақтар енді жеке компаниялардың иелігінде болмайды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек сүйіншіледі.

Депутаттың айтуынша, Құрылыс кодексі жобасын талқылаған жұмыс тобы оның Жер кодексінің 109-бабына енгізген түзетуін қолдаған. Бұл түзету екі қаладағы жеке иеліктегі ақылы тұрақтарды алып тастауға бағытталған.

«Алматыда олигархтар фирма-прокладка құрып, халықтан тұрақ ақысы арқылы ақша жинады. Қаланың бюджеті миллиардтаған теңгеден айырылды, кінәлілер сотталды, бірақ жүйе тоқтаған жоқ. Алматыда да, Астанада да жалғаса берді. Халық төлеп жатқанда, біреулер сол ақшамен байып отырды», - деп жазған депутат өзінің Facebook парақшасында. 

Оның сөзінше, бұл тәжірибе қызмет емес, таза қаржылық схемаға айналған.

Инвестиция да, инфрақұрылымдық жаңару да, тәртіп те болмаған. Тек күмәнді жолмен алынған тұрақ орындарынан табыс тапқандардың қалтасы ғана толып келген.

Бақытжан Базарбек енді әкімдіктерге жол жиегіндегі бос кеңістіктерді жеке тұлғаларға немесе компанияларға ақылы тұрақ үшін уақытша пайдалануға беруге тыйым салынатынын мәлімдеді.

«Енді Алматы мен Астанадағы тұрақтарға төленген барлық қаражат жеке қалталарға емес, жергілікті бюджетке түсетін болады. Бұл – халықтың мүддесін қорғауға бағытталған әділ шешім», — деді депутат.

Түзетуді Мәжіліс депутаттары Мурат Абенов, Мархабат Жайымбетов, Дүйсенбек Тұрғанов, Лүкбек Тұмашинов, Құдайберген Буксұлтанов, Ермұрат Бапи, Нұргүл Тау, Данабек Исабеков, Әділ Жұбанов, Unzila Shapak және Динара Наумова қолдаған. 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow