Түркияда танымал актриса Дениз Чакыр есірткі ісі бойынша ұсталды
Ұсталғандар арасында Дениз Чакырдан бөлек, актер әрі әнші Өзжан Дениз және актриса Бурджу Өзберк те бар.
Көрерменге «Үзілген жапырақтар», «Сүлеймен сұлтан» телехикаясы арқылы танылған түркиялық актриса Дениз Чакыр ұсталды, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Актриса түрік шоу-бизнес өкілдеріне қатысты қозғалған есірткі ісі аясындағы кезекті операция кезінде қолға түскен.
Түркиялық БАҚ-тың хабарлауынша, өнер адамдарына бағытталған арнайы операциялар 2025 жылғы 8 қазанда басталған. Қазіргі уақытта істі Ыстанбұл прокуратурасы тергеп жатыр.
Тергеу аясында есірткі және психотроптық заттарды заңсыз сақтау, тасымалдау, тарату және тұтыну, сондай-ақ жезөкшелікке қатысты құқық бұзушылықтар қарастырылуда.
Істің жаңа кезеңінде құқық қорғау органдары 35 адамды ұстауға рұқсат алған. TRT Haber мәліметінше, әзірге олардың 23-і қолға түскен. Ұсталғандар арасында Дениз Чакырдан бөлек, актер әрі әнші Өзжан Дениз және актриса Бурджу Өзберк те бар.
Прокуратура тергеу барысында күдіктілер мен куәгерлердің жауаптары, ұялы телефондар мен өзге де электронды құрылғылардағы ақпарат, сондай-ақ құпия куәгерлердің мәліметтері зерттелгенін мәлімдеді.
Айта кетейік, әзірге Дениз Чакырдың нақты қандай бап бойынша күдікке ілінгені белгісіз. Актрисаның ұсталғаны оның кінәсі дәлелденді дегенді білдірмейді.