Тоқаев Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебайды қабылдады
Кездесуде Құрылтайдың жұмысы мен «Әділет» партиясының қызметі талқыланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебайды қабылдады, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Кездесуде Құрылтайдың жұмысы мен «Әділет» партиясының қызметі талқыланды.
Айбек Дәдебайдың айтуынша, депутаттар 18 заң қабылдап, тағы 38 заң жобасын қарастырып жатыр. Қазіргі уақытта Жаңа Азаматтық кодекс әзірленуде. Сонымен қатар балалардың құқықтарын қорғау, педагогтер мен медицина қызметкерлерін қолдау бағытындағы заңнамалық бастамалар пысықталуда.
Сондай-ақ 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет қабылданып, өңірлердегі 52 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға қосымша 47 миллиард теңге бөлінген.
Кездесу барысында заңдардың орындалуын бақылау, жасанды интеллект технологияларын енгізу және халықпен кері байланысты күшейту мәселелері де сөз болды. Сессия басталғалы депутаттар әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 111 сауал жолдаған.
Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылып, ЮНИСЕФ-пен балалардың құқықтарын қорғау мәселесі бойынша ынтымақтастық орнатылды. Женевада өткен Парламентаралық одақ алаңында жасанды интеллектіге негізделген AI-Quryltai парламенттік платформасы таныстырылды.