Тоқаев «ҚазМұнайГаз» басшысына бірқатар тапсырма берді
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық компанияның 2026 жылғы алғашқы он айдағы жұмысының нәтижелері баяндалды.
Мемлекет басшысы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасеновті қабылдады, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық компанияның 2026 жылғы алғашқы он айдағы жұмысының нәтижелері баяндалды.
Асхат Хасеновтің айтуынша, «ҚазМұнайГаздың» капиталы 22 триллион теңгеге жеткен. Компания жалпы құны 16,7 триллион теңге болатын инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қауқарлы.
Сондай-ақ 2026-2030 жылдарға арналған геологиялық барлау бағдарламасы қабылданған. Оның аясында 23 жоба іске асырылып, 60 мың шақырым сейсмикалық барлау жүргізу және 26 іздестіру-барлау ұңғымасын бұрғылау жоспарланған.
Бұдан бөлек, компания газ өндіру көлемін 2,6 миллиардтан 4,5 миллиард текше метрге дейін арттыруға бағытталған жобаларды жүзеге асырып жатыр. Еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту және олардың қуатын арттыру жұмыстары да жалғасуда.
Есепті кезеңде отандық мұнай өңдеу зауыттарында 14,9 миллион тонна мұнай өңделген. Ал жеңіл мұнай өнімдерінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 800 мың тоннаға артқан.
Кездесуде мұнай-газ химиясы жобалары мен өңірлердегі әлеуметтік бастамалар да сөз болды. «Таза Қазақстан» акциясы аясында компания қызметкерлері жыл басынан бері 386 мың ағаш отырғызған.
Кездесу соңында Президент геологиялық барлау жұмыстарын жандандырып, инвестициялық жобаларды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.