Тоқаев Өзбекстан және Пәкістанмен кедендік байланысты күшейтетін заңдарға қол қойды
Қазақстан екі елмен кеден саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығармақ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Өзбекстан және Пәкістанмен кеден саласындағы өзара іс-қимылын реттеуге бағытталған екі заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Атап айтқанда, Президент «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының кеден қызметі өкілдіктерін ашу туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Аталған келісім екі елдің кеден қызметтері арасындағы ынтымақтастықты дамытуға және өзара іс-қимылды жолға қоюға құқықтық негіз қалыптастырады. Келісім аясында Қазақстан мен Өзбекстан аумағында кеден қызметтерінің өкілдіктерін ашу көзделген.
Екінші заң Қазақстан мен Пәкістан арасындағы кеден істеріндегі ынтымақтастықты және өзара әкімшілік көмек көрсетуді көздейді.
Келісім екі елдің кеден органдары арасында жедел ақпарат алмасуға, құзырлы мекемелердің жұмысын үйлестіруге, сондай-ақ кеден саласындағы құқық бұзушылықтар мен ықтимал қауіптердің алдын алуға бағытталған. Сонымен қатар тараптар тәжірибе алмасып, бір-біріне әкімшілік және техникалық көмек көрсете алады.