Вьетнамдағы қазақтар жиі демалатын курортта қауіпті инфекция таралды
Бұл жағдай шетелдік туристерге, соның ішінде Қазақстан азаматтарына да қауіп төндіруі мүмкін.
Жыл басынан бері қалада денге безгегімен 12,5 мыңнан астам адам ауырды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,7 есе көп, деп жазады Sadaq.kz вьетнамдық Tien Phong газетіне сілтеме жасап.
Бұл жағдай шетелдік туристерге, соның ішінде Қазақстан азаматтарына да қауіп төндіруі мүмкін.
Дананг қаласының Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) мәліметінше, 16-22 қараша аралығында қалада денге безгегін жұқтырудың 2219 жағдайы анықталды. Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 15 пайызға көп.
Денге безгегін Aedes aegypti және Aedes albopictus масалары таратады. Кейбір адамдарда ауру белгісіз немесе жеңіл өтеді. Ал басқаларында қызу көтеріліп, басы, көзі, бұлшықеті мен буындары ауырады. Бөртпе, жүрек айну мен құсу пайда болады.
2026 жылдың басынан бері қалада инфекция жұқтырудың 12,5 мыңнан астам жағдайы анықталған. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен шамамен 3,7 есе жоғары.
Ауырғандар ең көп Нгу Хань Сон ауданында: жыл басынан бері 1363 адам індетті жұқтырған. Оның 230-ы соңғы аптада тіркелді. Одан кейін Ан Кхе (150 жағдай), Дьен Бан Донг (149) және Сон Тра (128) аудандары тұр.
Бір аптада қалада 86 жаңа инфекция ошағы табылды, жыл басынан бері олардың саны 796-ға жетті бұл бір жыл бұрынғыдан бес есе көп.
Қала дәрігерлері індетті бақылауды күшейтті: Данангта масаларды бақылайтын 554 пункт жұмыс істейді, олардың 85-інде көрсеткіштер жоғары.
Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) мәліметінше, індетпен күресуге ошақтарды өңдейтін химикаттың, медициналық орталықтардағы мамандардың жетіспеуі және барлық тұрғын бірдей маса личинкаларын жоймайтыны кедергі келтіріп отыр.
Қазақстан СІМ мен Денсаулық сақтау министрлігі ауырған қазақстандықтар туралы хабарламаған. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Tengri Travel-ге ел ішінде қауіп жоқ екенін айтқан.
"Қазақстанның климаты денге безгегін тарататын маса түрлерінің тұрақты мекендеуіне жарамайды. Сондықтан инфекцияның ел ішінде таралу қаупі жоқ", – делінген ресми жауапта.
Министрлік өкілдері тропикалық елдерге саяхаттайтындарға терезесі мен есігінде маса торы бар, кондиционерлі қонақүйлерді таңдауға, ұзын жеңді жабық киім киюге, балаларды да солай киіндіріп, арбаларды тормен жабуға, репелленттерді пайдаланып, оны күннен қорғайтын кремнің үстінен жағуға кеңес береді.
Сапардан кейін қызу көтерілсе, басы ауырса, дене сырқырап немесе бөртпе шықса, дәрігерге қаралып, қай елде демалғаныңызды бірден айту керек.