Министрлік Қазақстанда балаларды әлеуметтік желілерден шектеу механизмін түсіндірді

Ата-ана нөмірді баласы пайдаланып жатқанын ерікті түрде көрсетеді, бірақ құрылғыны пайдалану үшін өзі жауапты болып қала береді

Қараша 24, 2026 - 15:28
 0  0
Министрлік Қазақстанда балаларды әлеуметтік желілерден шектеу механизмін түсіндірді
фото: sputnik.kz

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Sputnik Қазақстанға елде балалардың әлеуметтік желілерге қол жеткізуін шектеу механизмі қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.

Ведомство бұл механизмдерді байланыс операторларымен және Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, "балаларды интернетте қорғау туралы жаңа нормалармен" байланыстырып әзірлеп жатыр.

"Балаларға арналған жеке SIM-карталар болмайды, нөмірді ауыстырудың да қажеті жоқ. Ата-ана eGov арқылы нөмірді баласы пайдаланып жүргенін өз еркімен белгілейді. Операторға бала туралы жеке деректер емес, тек осы белгі беріледі. Осыдан кейін оператор қауіпті контентті сүзгілеу (фильтрация) қызметін қосады", - деп хабарлады министрлікте.

Министрлік мәліметінше, бұл белгіні кез келген уақытта алып тастауға болады.

"VPN қолдану арқылы шектеулерді айналып өтуге жол бермеу үшін құрылғыларды қорғау мәселесін де қарастырып жатырмыз. Мектептер мен колледждердегі Wi-Fi желілеріне қосылған барлық құрылғыларға контентті шектеу шаралары қолданылады", - дейді министрлікте.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі басты жауапкершілік ата-аналарда болатынын жеткізді.

"Мемлекет пен операторлар қажетті құралдарды ұсынады. Ал сүзгіні қосу, баланың қандай құрылғыны және қалай пайдаланатынын бақылау ата-аналардың міндеті. Егер нөмір ересек адамның атына тіркеліп, оны бала пайдаланса, нөмірді пайдалануға жауапкершілік сол ересек адамға жүктеледі. Ешқандай сүзгі ата-ананың назарын алмастыра алмайды", - деп хабарлады министрлікте.

Министрлік іске қосу мерзімі операторлармен техникалық талаптар келісілгеннен кейін жарияланатынын және алдымен пилоттық жоба іске қосылатынын хабарлады.

Автор
Жарияланды:
Барлық материалдары

Сіздің реакцияңыз қандай?

👍 Ұнады 0
👎 Ұнамады 0
😍 Керемет 0
😂 Күлкілі 0
😡 Сұмдық 0
😢 Қайғылы 0
😮 Жарайсың 0