Мәсімовтің экс-күйеу баласы Тоқаевқа бейнеүндеу жолдады

Еске сала кетсек, Азамат Қапенов бұрынғы премьер-министр әрі ҰҚК экс-басшысы Кәрім Мәсімовтің қызы Тамила Кәріммен отасқан. Олар 2019 жылы некелерін бұзған. Ал 2024 жылдың тамызында Ресей тарапынан кейін Қазақстанның да Қапеновке іздеу жариялағаны анықталды.

Қараша 25, 2026 - 11:05
 0  1
Мәсімовтің экс-күйеу баласы Тоқаевқа бейнеүндеу жолдады
Фото: видеодан скрин

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы, «ҚазТемірТранс» компаниясының бұрынғы вице-президенті Азамат Қапенов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жариялады, деп жазады Sadaq.kz.

Үндеуінде Қапенов өзіне қатысты қозғалған қылмыстық істің мән-жайын баяндап, Президент атына ресми хат жолдағанын мәлімдеді. Оның сөзінше, «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолы» басшылығына қатысты соңғы атышулы ұстаулардан кейін тергеу оның ісіне «заңсыз тапсырыс берушілерге» тым жақындап қалған.

Осыған байланысты Азамат Қапенов Мемлекет басшысынан қылмыстық істі Қаржылық мониторинг агенттігінен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарауына беруді сұрады. Ол ҰҚК қызметкерлерін сыбайлас жемқорлыққа азырақ бейім деп санайтынын жеткізді.

«Менің ісімді Қаржылық мониторинг агенттігінен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне беруді сұраймын. Өйткені Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа азырақ бой алдырған деп есептеймін», – деді Қапенов.

Сонымен қатар ол істі беру кезінде мемлекеттік аудиторлық сараптама жүргізуді талап етті. Қапенов Қазақстанға ешқандай залал келтірмегенін, ал аудит ҚМА тергеушісі айтқандай «бір теңге де шығын жоқ екенін» дәлелдейтінін алға тартты. Аудит қорытындысы негізінде іс құрамының болмауына байланысты қылмыстық қудалауды тоқтатуды сұрады.

Оның айтуынша, рейдерлік әрекеттерге қатысты бөлек қылмыстық іс қозғап, оны қарастыру қажет. Сондай-ақ ҰҚК қызметкерлері істі қолға алса, ҚМА, көлік прокуратурасы және кейбір судьялар қатарындағы жемқорлықтың ауқымына таңғалатынын айтты.

Бейнеүндеу соңында Азамат Қапенов Президентке бұған дейін 100-ден астам хат жолдағанын, алайда олардың Мемлекет басшысына жетпей, әдейі жасырылып жатқанына күмәнданатынын жеткізді. Осы жолғы хаты міндетті түрде жетуі үшін өтініштерінің тіркеу нөмірлерін де қоса тіркегенін атап өтті.

Қаржылық мониторинг агенттігі Азамат Қапеновке қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды және бөтеннің мүлкін талан-таражға салды деген күдік келтіріп отыр. Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, «ҚазТемірТранс» АҚ вице-президенті болған тұста ол өзіне қатысы бар кәсіпорындарға жүк вагондарын үлестіру кезінде негізсіз жеңілдіктер жасаған. Агенттік есебінше, мұндай әрекеттердің салдарынан компанияға 5,2 млрд теңгеден асатын материалдық шығын келген.

Сот шешімімен Қапеновке сырттай қамауға алу шарасы қолданылды. 2026 жылғы сәуірде ҚМА Бас көлік прокуратурасының ұсынысы бойынша Астана соты «Достық» бекетінде орналасқан жүк терминалын мемлекет меншігіне тәркілеу туралы қаулы шығарғанын мәлімдеді. Дегенмен мамыр айында Қапенов бұл нысанның ата-анасына тиесілі фирманың иелігінде екенін алға тартып, мүлікті тәркілеу барысында заң талаптары сақталмағанын айтты. Оның мәлімдеуінше, қорғаушылары бұлтартпау шарасын үйқамаққа немесе ешқайда кетпеу туралы қолхатқа өзгерту жөнінде өтініш білдірген. Егер бұл талап орындалса, ол елордаға оралып, тергеу ісіне жәрдемдесуге әзір екенін жеткізді.

Еске сала кетсек, Азамат Қапенов бұрынғы премьер-министр әрі ҰҚК экс-басшысы Кәрім Мәсімовтің қызы Тамила Кәріммен отасқан. Олар 2019 жылы некелерін бұзған. Ал 2024 жылдың тамызында Ресей тарапынан кейін Қазақстанның да Қапеновке іздеу жариялағаны анықталды.

Автор
Шығарушы редактор
Жарияланды:
Барлық материалдары

Сіздің реакцияңыз қандай?

👍 Ұнады 0
👎 Ұнамады 0
😍 Керемет 0
😂 Күлкілі 0
😡 Сұмдық 0
😢 Қайғылы 0
😮 Жарайсың 0