Санжар Боқаев он жылға сотталды
Оған Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша, атап айтқанда, алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру, ұрлық, көрінеу жалған ақпарат тарату және ағаштарды заңсыз кесу бойынша айып тағылған.
Алматының Алмалы аудандық сотында қоғам белсендісі Санжар Боқаевқа қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайды Sadaq.kz сайты BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Сот Санжар Боқаевқа 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Оған Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша, атап айтқанда, алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру, ұрлық, көрінеу жалған ақпарат тарату және ағаштарды заңсыз кесу бойынша айып тағылған.
Бұған дейін, 26 қарашада өткен сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы Боқаевты 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Ал Боқаев өзіне тағылған айыптармен келіспеді.
Еске салайық, Санжар Боқаев биыл 18 наурызда Алматыда ұсталған. Қылмыстық іс аясында оның жиені Мадияр Қалменов пен бұрынғы мобилографы Ұлан Нүсіпқожа да сот алдында жауап берді. Санжар Боқаев әлеуметтік желілерде Алматыдағы құрылыс, абаттандыру және қала инфрақұрылымына қатысты мәселелерді көтеріп жүрген қоғам белсендісі ретінде танылған.