Семейде нәрестені қоқысқа тастаған ер адам өмір бойына сотталды
Сот-медициналық сараптама баланың тірі туғанын және денесінің шамадан тыс салқындауы салдарынан қайтыс болғанын растаған.
Абай облысында қоғамда резонанс тудырған жаңа туған нәрестенің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Сот материалдарына сәйкес, Семейдегі қоқыс контейнерлерінің бірінен жаңа туған нәрестенің денесі табылған. Тергеу барысында баланың дүниеге келгеннен кейін ер адамға берілгені анықталды. Ол нәрестені қоқыс контейнеріне тастап кеткен.
Сот-медициналық сараптама баланың тірі туғанын және денесінің шамадан тыс салқындауы салдарынан қайтыс болғанын растаған.
Сот ер адамды жас баланы өлтіргені үшін кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Ал баланың анасы жаңа туған баласын өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда қылмысы ауырлығы орташа санатқа жататындықтан және рақымшылық актісіне іліккендіктен, ол жазасын өтеуден босатылды.
Үкім заңды күшіне енді.