Жамбыл облысында соққыға жығылған 50 жастағы әйел көз жұмды
Әйелді ұрып-соқты деген күдікпен 40 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жамбыл облысының Шу қаласында бірге тұрған ер адамның соққысынан ауыр жарақат алған 50 жастағы әйел ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы растады.
Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға 24 қарашаға қараған түні болған. Марқұмның қызының айтуынша, анасы соңғы он жылға жуық уақыт бойы күдіктімен бірге тұрған және бұған дейін де бірнеше рет зорлық-зомбылық көрген.
Әйел ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, комаға түскен. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Әйелді ұрып-соқты деген күдікпен 40 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.