Жаңа Салық кодексі қабылданса, елде 300 мыңға жуық компания жабылуы мүмкін

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексінің салдарынан 300 мыңға жуық компания жұмысын тоқтатуы мүмкін. Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин осылай мәлімдеді.
Үкімет отырысынан кейін журналистер сұрағына жауап берген Әмриннің сөзінше, жабылатын компаниялардың дені бизнесті негізсіз ұсақтап, бөлшектеген кәсіпкерлер.
«Бизнес субъектілерінің саны қысқаратыны туралы бұған дейін де ескерткенбіз. Жұмысын тоқтататын компаниялардың көбі бизнесін бірнеше бөлікке әдейі бөлшектегендер.
Яғни, салық төлеуші өз қызметкерлерінің атына бірнеше фирма ашып, жыл сайын бірдей кіріс көрсетіп отырған. Кейбір компаниялар төменнен бастап ұсақталды.
Бұрынғы салық заңнамасына сәйкес, қосымша құн салығының шегіне жеткенде жаңа кәсіпорын ашу тиімді еді», – дейді вице-министр.
Жаңа Салық кодексінде осындай ұсақтауға жиі баратын салалар үшін ҚҚС шегі біршама көтерілмек. Сондықтан кәсіпкерлердің қосымша фирма ашуға себебі қалмайды.
«Қазіргі уақытта жеңілдетілген декларация бойынша лимит 187 миллион теңге, одан асса ҚҚС төлеушісі ретінде тіркелуі қажет. Бұрын бұл шек 83 миллион теңге еді, кәсіпкерлер осы межеге жеткен соң жаңа компания ашып жататын. Енді жаңа кодексте ҚҚС төлемей-ақ жұмыс істеуге мүмкіндік беретін жалпы лимит 2, 35 миллиард теңгеге дейін көтеріледі. Яғни, енді бизнесті бірнеше фирмаға бөлшектеудің еш экономикалық мәні қалмайды. Осылайша, алдын ала есептеу бойынша шамамен 300 мың компания жабылады. Оның есесіне адал кәсіпкерлер үшін ашық әрі қолайлы бизнес орта қалыптасады», – деп атап өтті Азамат Әмрин.
Сіздің реакцияңыз қандай?






