Ақтөбеде кабинетін шетелдіктерге жөндеткен полиция майоры сотталды
Ақтөбеде №4 қалалық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бастығының бұрынғы орынбасары Александр Бакшанов 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сот оны лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деп таныды. Бұл туралы Sadaq.kz сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бакшанов Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы – ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану бойынша кінәлі деп танылды. Сот оны полиция майоры арнаулы шенінен де айырды.
"Мемлекеттік қызметте, судья, жергілікті өзін-өзі басқару саласында, Ұлттық банкте және оның ведомстволарында, қаржы нарығын реттеу, бақылау және қадағалау органдарында, авиация саласында, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылсын", – деді судья үкімді жариялау кезінде.
Бакшанов жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді. Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың 25 сәуірі мен 15 мамыры аралығында Бакшанов шетел азаматтарына қызметтік кабинетін жөндеткен. Тергеу мұны оның лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалануы деп бағалаған.
Бакшановтың өзі сотта тағылған айыпты мойындамады. Сонымен қатар сот Ақтөбе облысы полиция департаментінің басшылығына жеке қаулы шығарды. Онда іс барысында анықталған кемшіліктерге назар аударып, тиісті шара қабылдау талап етілген. Полиция департаменті қабылданған шаралар туралы бір ай ішінде сотқа хабарлауы тиіс.
Айта кетейік, бұған дейін сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы мен сотталушы тарап Ақтөбе облысы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ардана Саймағамбетовтің есімін бірнеше рет атағаны хабарланған.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0