Ақтөбе облысында күйеу баласына төрт рет оқ атқан полицей 10 жылға сотталды
Ақтөбе облысында қарындасының күйеуіне оқ атқан бұрынғы полиция қызметкері 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Сот мәліметінше, оқиға 28 наурызда Хромтау ауданында болған. Аға лейтенант Райымбек Қалиуллинов сол күні кезекшілікке шығуы керек болғанымен, қызмет орнын тастап кеткен. Ол табельдік Макаров тапаншасын үйіне алып барып, туыстарымен бірге ішімдік ішкен.
Дастарқан басында ол күйеу баласы Сабыржан Ізбаевтың қарындасын ұрып-соғатынын естіген. Осыдан кейін Қалиуллинов оған төрт рет оқ атқан. Үш оқ жәбірленушінің кеудесі мен ішкі ағзаларына тиген. Төртінші рет атылғанда тапанша кептеліп қалған. Дәрігерлер Ізбаевтың өмірін сақтап қалды.
Сотта бұрынғы полицей адам өлтіру ниеті болмағанын айтып, кінәсін ішінара мойындады. Ал жәбірленуші оған шағымы жоқ екенін және кешіретінін мәлімдеді.
Соған қарамастан сот Қалиуллиновті адам өлтіруге оқталу бойынша кінәлі деп танып, 10 жылға соттады. Ол аға лейтенант шенінен айырылып, жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болды.
Сонымен қатар Хромтау аудандық полиция бөліміндегі қызметтік бақылаудың әлсіздігіне байланысты Ақтөбе облыстық полиция департаментінің басшылығына жеке қаулы шығарылды.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0