Алаяқтар да рақымшылыққа ілігеді – заңның негізгі талаптары жарияланды

Конституцияның 30 жылдығына байланысты рақымшылыққа алаяқтық жасағаны үшін сотталғандар да ілігеді, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Мәжілістің жалпы отырысында рақымшылық туралы заң жобасына енген бірқатар новелла жарияланды.
"Атап айтқанда, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алғаны немесе ысырап еткені, немесе аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін сотталған адамдар үшін қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген залал мен оларға қойылған талап-арыздар толық өтелген жағдайда негізгі жазаның өтелмеген немесе орындалмаған бөлігінің мерзімдері немесе мөлшері бестен бір бөлікке қысқартылады", - деді депутат Абзал Құспан.
Ал мемлекеттік құпияларды заңсыз жария етуге байланысты қылмыстар, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған адамдарға рақымшылық қолдануға шектеу қойылады. Рақымшылыққа тағы кімдер ілігеді Заңға сәйкес, азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар үшін рақымшылық қарастырылған.
Оған ілігетіндер:
қылмыстық теріс қылық пен онша ауыр емес қылмыстар жасағандар; зиян келтіруге әкеп соқпаған, ауырлығы орташа қылмыс жасаған, не оны толық өтеген адамдар;
залалдың немесе азаматтық талаптың болуына қарамастан, ауырлығы орташа қылмыс жасаған әлеуметтік жағынан осал адамдар.
Сондай-ақ ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін өтелмеген жаза мерзімін қысқарту көзделіп отыр. Ал аса қауіпті қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық қолданылмайды.
Сіздің реакцияңыз қандай?






