Әнші Жұбаныш Жексенұлы әкімшілік жауапқа тартылды

Астана қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұбаныш Жексенұлына қатысты әкімшілік істі қарады, деп жазады sadaq.kz.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі – қоғамдық орында былапыт сөйлеу және айналасындағыларға құрметсіздік таныту, яғни ұсақ бұзақылық дерегі бойынша қаралды.
Жәбірленуші ретінде тіркелген Садықбекованың айтуынша, ол құрбыларымен бірге Алматыға ұшуға дайындалып тұрған сәтте Жұбаныш Жексенұлымен арада түсініспеушілік орын алып, әнші дөрекі сөйлеп, бейәдеп қылық танытқан. Оқиға орнына полиция шақырылып, әкімшілік хаттама толтырылған.
"Мен ешқандай дөрекілік көрсеткен жоқпын. Құрбыларымнан "Мына кісі әнші емес пе?" деп сұрағаным үшін бұл кісі маған ашуланып, былапыт сөздер айтып, телефонымды қолымнан ұрып түсірді. Кейін бірінші қабатта да дәл осындай әрекеттерін жалғастырды. Барлығы видеоға жазылған", – деді жәбірленуші.
Жұбаныш Жексенұлы әрекетіне өкінетінін айтып, кінәсін толық мойындады, жәбірленушіден кешірім сұрады. Енді әнші 30 күн ішінде 78 640 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл төлеуге тиіс.
"Мен кінәмді мойындаймын. Бұл дұрыс емес әрекет болды. Бірақ, мен де адаммын, шаршаған, көңіл-күйім жоқ кезге қатар келіп қалды", – деді ол сотта.
Сіздің реакцияңыз қандай?






