«Әнұранды шырқата алмағаным үшін кешірім сұраймын»: Ербол Хамитов Паралимпиадада қола алды
Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы Қысқы Паралимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына алғашқы медаль түсті. Отырып шаңғы тебуден 1500 метрлік классикалық спринтте (LW12 категориясы) отандасымыз Ербол Хамитов қола жүлде иегері атанды, деп хабарлайды Sadaq.kz.
28 жастағы Ербол 1500 метрлік қашықтықты 2 минут 29 секундта басып өтіп, алтын жүлде иегері қытайлық Лю Цзысу небәрі 1 секунд, ал күміс жүлдегер бразилиялық Кристиан Вестемейер Рибера бар болғаны 0,4 секундқа ғана қалып қойды. Бұл — Ерболдың карьерасындағы алғашқы Паралимпиада жүлдесі.
Тағдырдың соққысы: Оқ тиіп, аяғынан айырылған
Бұл жеңістің артында үлкен қасірет пен темірдей төзім жатыр. Ербол 1997 жылы Петропавл қаласында дүниеге келген. Бала кезінен футбол мен күреске әуес болып, кейін джиу-джитсумен айналысқан. 2017 жылы, небәрі 19 жасында Ерболға белгісіз біреулер шабуыл жасап, оқ атқан. Дәрігерлер жас жігіттің өмірін сақтап қалғанымен, сол аяғын ампутациялауға мәжбүр болды.
Осындай ауыр соққыдан кейін де Ербол берілмей, параспортқа келіп, бүгінде Қазақстанның ең мықты спортшыларының біріне айналды.
«Көк туды желбірете алмағаным үшін кешірім сұраймын»
Жеңістен кейін Ербол Хамитов бүкіл елді толқытқан мәлімдеме жасады. Оның әрбір сөзінде Отанға деген шексіз махаббат пен үлкен жауапкершілік жатыр:
«Баршаңызға сәлем, ассалаумағалейкум! Паралимпиада ойындарында біздің Көк туымызды биікке көтеру — менің арманым еді... Аллаға шүкір, мың да бір рақмет, бүгін қола медальға ие болдық.
Осыдан екі ай бұрын Президентіміз маған осы Туды табыстаған болатын. Бұл мен үшін өте үлкен жауапкершілік еді. Әнұранды шырқата алмағанымыз үшін бүкіл Қазақстан халқынан кешірім сұраймын. Бірақ біз бұл Көк туды үшінші орынға болса да көтердік. Баршаңызға қолдауларыңыз үшін алғыс айтамын! Алға, Қазақстан!»
Оқырман қауым спортшының «кешірім сұрағанына» қарамастан, оның бұл қола жеңісін алтынға тең деп бағалап жатыр. Көпшіліктің пікірінше, Ербол Хамитов – тек мықты атлет емес, қазақ рухын әлемге танытқан нағыз қаһарман.
.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0