«Биг Шанхай» базарындағы өрт: зардап шеккендерге әлі ешқандай көмек көрсетілмеген

Шілде 23, 2025 - 12:01
Шілде 23, 2025 - 14:37
«Биг Шанхай» базарындағы өрт: зардап шеккендерге әлі ешқандай көмек көрсетілмеген
Фото: ғаламтордан

Астанадағы «Биг Шанхай» базарындағы алапат өрттен соң базар басшылығы сауда нүктелері толығымен жанып кеткен кәсіпкерлерге әлі күнге хабарласып, жағдайларын да білмеген. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне базардағы саудагерлердің бірі мәлімдеді.

Сауда павильондары толықтай жанып кеткен Нәзірбек Ахметовтің айтуынша, тауарларының күлі көкке ұшқан. Ал шығынның нақты көлемі туралы ақпарат әлі белгісіз.

Әлі күнге ештеңе белгісіз, бізге ешкім ләм-мим деп жақ ашпады. Базар толығымен өртеніп кеткен соң оны жауып тастады – сонымен болды. Қазір бәріміз үйдеміз, әзірге демалып жатырмыз, - дейді кәсіпкер.

Ахметов өзінің шығынын 4-5 миллион теңгеге бағалап отыр. Ал басқа кәсіпкерлердің шығыны 70-тен 400 миллион теңге аралығында. Өрт туралы ер адам түнде білген, оған базардың жанында орналасқан жатақханадан хабарласқан.

"Шанхайда" өрт болып жатыр деп айтты. Дереу бардым, келген кезде аумақ қоршаулы болды: өрт сөндірушілер, полиция, ГАИ, бәрі сол жерде жүрді. Тек алыстан ғана қарап тұрдық, - деп еске алды сол түнді ол.

Одан кейін өрт болған ауданда арнайы штаб ұйымдастырылғаны белгілі. Алайда Ахметовтің сөзінше, кәсіпкерлерге ешқандай материалдық көмек көрсетілмеген.

Банк пен салық комитетінің өкілдері келді. Негізінен кімнің несиесі бар, соларға құжаттармен көмектесті. Бұл әзірге тек қағаз жүзіндегі көмек қана, ешқандай материалдық қолдау көрген жоқпыз. Бизнес бастаймыз деп несие алғандардың несие төлеу мерзімдерін кейінге шегерген. Менің өз басымда несие жоқ, - деп ағынан жарылды Ахметов.

Сондай-ақ саудагер базар басшылығының оларға байланысқа шықпағанын және басқа сауда алаңдарында уақытша сауда жасай туралы ешқандай ұсыныстарының болмағанын айтып отыр.

Жоқ, бізге хабарласқан жоқ. Мүлдем хабар-ошарсыз жоқ болып кетті. Біз олар қашан хабарласады деп күтіп жүрміз, - дейді амалы таусылған кәсіпкер.

Еске салайық, бұған дейін елорданың Алаш тасжолы Байқоңыр ауданында орналасқан "BIG Шанхай" сауда үйінің ғимараттарының бірінде ірі өрт болды. ҚР ТЖМ таратқан деректерге сәйкес, 30 113 шаршы метр аумақтағы өрт толықтай ауыздықталды. Өрт сөндіру кезінде ТЖД үш қызметкері зардап шекті. Қазіргі таңда өрт себептері анықталып жатыр.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow