Боливияда ұшақ құлап, жолаушылар анакондалардың ордасына түскен

Боливияда ұшақ апатқа ұшырап, анакондалар мен аллигаторлар тіршілік ететін лагунаға құлаған, деп жазады Stan.kz.
Independent.co.uk сайтының мәліметінше, ұшақта ұшқыш пен төрт жолаушы болған. Оның біреуі – алты жасар бала. Оларды Андтың солтүстік-шығысында 36 сағаттан кейін ғана құтқаруға мүмкіндік туды.
Дәрігер бес адамның есін жиғанын және олардың жағдайы қалыпты екенін айтты. Тек баланың 37 жастағы тәтесі ғана басынан жарақат алған. Қалғандары жеңіл химиялық күйік, сырылу, көгерген жарақат алған және бүкіл денесін жәндіктер шағып, инфекция жұқтырған.
27 жастағы ұшқыш Пабло Андрес Веларде лагунада қалған кезде көрген сұмдықтарды айтып берді.
“Масалар ұйқы бермеді. Аллигаторлар мен жыландар бізді түні бойы бақылап тұрды, бірақ олар жақындай алмады", – деді ол.
Орталық және Оңтүстік Америкада өмір сүрген каймандардың (аллигатордың бір түрі) шабуылдамағанына таңданды. Пайымдауынша, бауырымен жорғалаушылар ұшақтың сынықтарынан ағып жатқан авиакеросиннің иісінен үркіген болуы мүмкін.
Велардың сөзінше, олар әйелдердің бірі тіскебасар ретінде әкелген маниок ұнын жеп аман қалған.
Сіздің реакцияңыз қандай?






