Дональд Трамп ұлықтау рәсімі алдында маңызды мәлімдеме жасады

Қаңтар 20, 2025 - 09:54
Қаңтар 20, 2025 - 10:38
Дональд Трамп ұлықтау рәсімі алдында маңызды мәлімдеме жасады
фото: reuters

Дональд Трамп инаугурация алдында "Байден әкімшілігінің барлық радикалды әрі ақылға қонымсыз бұйрығының" күші жойылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sadaq.kz.

Ол АҚШ-ты қайта ұлы елге айналдыратынын атап өтті.

Трамп "Америкалық құлдыраудың төрт жылға созылған шымылдығы жабылып, америкалық күш пен гүлденудің, абырой мен мақтаныштың жаңа күні басталатынын" мәлімдеді. 

"Байден әкімшілігінің әрбір радикалды әрі ақылға қонымсыз бұйрығы мен ант бергеннен кейін бірнеше сағат ішінде күшін жояды. Біреу: "Сэр, бір күнде тым көп құжатқа қол қоймаңыз, оны бірнеше аптаның ішінде жасайық" деді. Мен "біз мұны бірнеше апта ішінде жасаймыз деп армандамасаң болады" деп жауап бердім. Біз оларға басында-ақ қол қоямыз. Біз мұны ертең істейміз", - деді Трамп. 

The Times басылымының мәліметінше, Дональд Трамп АҚШ-тың 47-президенті ретіндегі алғашқы күнінде шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуден бастап, президент Джон Ф. Кеннеди және кіші Мартин Лютер Кингтің өліміне қатысты құпия файлдарды жариялауға дейінгі мәселелер бойынша 200-ге жуық бұйрыққа қол қояды деп топшылап отыр. 

Сондай-ақ, ол оңтүстіктегі шекараны жауып, АҚШ-та заңсыз жүрген миллиондаған шетел азаматын елден шығаруды көздеп отыр.

Бұдан бөлек, Дональд Трамп есірткі тасымалымен де білек сыбана күреспекші. Ол ұлттық қауірсіздікке қауіп төндірді деген желеумен есірткі картелдерін енді террористік топтардың тізіміне енгізбек ойда.

Президенттің қатаң саясатына трансгендерлер де іліккен. Енді жынысын ауыстырған еркектер, әйелдер спортынан шеттетіледі.

АҚШ президентін ұлықтау рәсіміне 250 мыңдай адам қатысады. Іс-шара бүгін өтеді. Осыған орай қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Бұл күні Колумбия аймағын 25 мың әскери қызметкер мен полицей күзетеді.

Бұдан бөлек, Ұлттық гвардияның 8 мың сарбазы мен өзге штаттардан қосымша тағы 4 мың полиция қызметкері келеді. Салтанатты іс-шараның барлық шығыны америкалықтардың салығы есебінен қаржыландырылады. Ал мерекелік парад пен мерекелік кешті ұйымдастыру жағын Дональд Трамптың ұлықтау комитеті өтейді. Бұл қорға 170 млн доллар жиналған. 

Айта кетейік, бұған дейін қазақ қызы Дональд Трамптың ұлықтау рәсіміне шақырылғанын жазған болатынбыз.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow