Дархан Өте: медиа мен білім саласының ынтымақтастығы маңызды
Медиафорум білім беру мен журналистика саласындағы тәжірибені ұштастырып, сапалы білім мен сенімді ақпараттың қоғам дамуындағы маңызын тағы бір мәрте көрсетті.
Астанада өткен «Жасанды интеллект дәуіріндегі медиа: шынайы ақпарат, жауапты сөз» республикалық медиафорумында «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте қордың білім беру бағытындағы жобаларын таныстырды, деп хабарлайды sadaq.kz.
Әсіресе ауыл мектептерінің әлеуетін арттыруға бағытталған бастамалар мен білім беру саласындағы әріптестіктің маңызына назар аударылды.
«Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен форумда медиа мен білім саласының өзара ынтымақтастығы, жастардың медиасауаттылығын арттыру және ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау дағдыларын қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Дархан Өте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен және «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының 30 жылдық тәжірибесі негізінде жүзеге асқан «Ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасының нәтижелерін таныстырды.
Жоба аясында «Білім-инновация» қорының мектеп-лицейлерінде еңбек ететін мұғалімдер шалғай ауылдарды аралап, жергілікті педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетіп, ағартушылық жұмыстар жүргізді. Бастаманың нәтижесінде:
* 620 мектеп жоба аясында қамтылды;
* 7 073 мұғалім оқытылды;
* 484 жаңа оқу кабинеті ашылды;
* оқушылардың оқу үлгерімі орта есеппен 10 пайызға артты.
Бұл нәтижелер ауыл мектептерінің білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуге, мұғалімдердің кәсіби әлеуетін арттыруға және оқушылардың білім сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстың ауқымын көрсетеді.
Ауыл мектептерін қолдау — сапалы білімге қолжетімділікті кеңейтудің маңызды бағыттарының бірі. Ал жасанды интеллект кеңінен қолданылып жатқан кезеңде оқушылардың ақпаратты саралап, дереккөздерді тексеріп, жалған мәліметті ажырата білуі де ерекше маңызға ие.
Форум қатысушылары қордың заманауи білім беру инфрақұрылымымен, соның ішінде Spectrum халықаралық мектебімен танысты. Форумда білім беру ұйымдары мен медиа арасындағы байланысты нығайту, жастардың медиасауаттылығын дамыту және ақпаратты жауапкершілікпен тұтыну мәдениетін қалыптастыру мәселелері де талқыланды.
Бүгінде ақпарат ағыны күшейіп, жасанды интеллект көмегімен түрлі мәтіндер мен бейнематериалдар әзірлеу мүмкіндігі кеңейген тұста ақпарат көздерін тексеру, дерек пен пікірді ажырату және сыни ойлау дағдыларын қалыптастырудың маңызы артып келеді. Бұл бағытта білім беру ұйымдары мен журналистердің тәжірибе алмасуы ортақ міндеттерді шешуге ықпал етеді.
Басқосу қорытындысында «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі мен «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Құжат бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, кәсіби тәжірибе алмасуға және медиа мен білім беру салалары арасындағы байланысты дамытуға бағытталған. Форумда жасанды интеллектіні редакция жұмысында жауапкершілікпен қолдану, фактчекинг, ақпараттың шынайылығы және отандық медианың экономикалық тұрақтылығы мәселелері де қарастырылды.
Медиафорум білім беру мен журналистика саласындағы тәжірибені ұштастырып, сапалы білім мен сенімді ақпараттың қоғам дамуындағы маңызын тағы бір мәрте көрсетті.