«Еркекпен иіліп сәлемдесу керек»: Алматыдағы Абай университеті қыздарға тәрбиелік жиын өткізген

Мамыр 6, 2025 - 11:40
«Еркекпен иіліп сәлемдесу керек»: Алматыдағы Абай университеті қыздарға тәрбиелік жиын өткізген

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті студент қыздарды жинап, өздерін қалай ұстау керегі туралы насихат жасаған. Мұны студент қыз Qumash Telegram-арнасына мәлімдеген, деп жазады Stan.kz.

“Университет әкімшілігі бірінші курстың барлық қызын, яғни, 40-50 адамды жинап, қыз баласы инабатты, ибалы болу керек деген плакаттарды ілген. Содан кейін әртүрлі жастағы ер адамдардың қыздардың мінез-құлқы туралы айтқан видеороликтерін қосқан”, – делінген арнада.

Студенттің айтуынша, видеоның негізгі тезисі қыздар ашық-шашық киінбеуі керегін, қатты дауыс шығарып сөйлемеуге тиіс екенін, ер адамдарды көргенде, иіліп сәлемдесу керегін түсіндіреді. Сондай-ақ ұзын белдемше кию әдептілік белгісі деп айтқан.

Сонымен қатар аға оқытушы еуропалық әйелдерге еліктеуге болмайтынын айтқан. Олардың шамадан тыс еркіндігінен ЛГБТ және басқа да нәрселер кең таралғанын айтты. Оларды жиыннан шығармай қойыпты.

Бұл жиын желі қолданушыларының наразылығын тудырды.

“Жігіттер қандай болуы керегі туралы да жиын өткізіңіздерші”, “Әйелдерді жайына қалдырыңыздар. Бізді тәрбиелеп, ақыл айтуды доғарыңыздар. Қыздар өз өміріне өзі жауапкершілік ала алады. Ерлерге өзін-өзі ұстауды үйретіңіздер”, “Ерлерге қол көтермеу, ұрмау, зорламау және балаларын тастамау туралы ақыл айтқан дұрысырақ” деп жазды желідегілер.

Ал университеттің баспасөз қызметі бұл жиын ұлттық құндылықты дәріптеу мақсатында өткенін жеткізген. Оқу ордасында мұндай жиындар тұрақты түрде өтетін көрінеді.

“5 мамырда университет қабырғасында студенттерге арналған жалпы тәрбиелік бағыттағы кездесулердің бірі өтті. Осы уақытқа дейін оларға қатысты қандай да бір сын болған емес. Аталмыш іс-шараның да негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастардың мәдени-әдеп сана-сезімін арттыру және этикалық нормаларды түсіндіру. Кездесу барысында көрсетілген видео кейбір қатысушыларға басқаша әсер етіп, олардың арасында біржақты пікір туғызған. Университет әкімшілігі бұл жағдайға түсіністікпен қарап, алдағы уақытта мұндай мазмұндағы материалдарды таңдауда барынша мұқият болады. Абай университеті – зайырлы білім беру мекемесі. Біз студенттердің жеке таңдауына, еркіндігіне және пікір алуандығына құрметпен қараймыз”, – делінген хабарламада.

Университет ұжымы студенттермен ашық диалогқа әрдайым дайын екенін және олардың пікірін ескеруге мүдделі екенін атап өтті.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow