«Есірткіні тек қана дінмен жеңеміз» – Нұрлан имам

Маусым 10, 2025 - 20:50
Маусым 11, 2025 - 01:52
«Есірткіні тек қана дінмен жеңеміз» – Нұрлан имам

Бүгін «Жасыл Желкен» қоғамдық бірлестігі «Нашақорлықсыз болашақ: алдын алу, әділетті заң және әлеуметтік осалдық» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады sadaq.kz. 

Алқалы жиында жастар арасында нашақорлықтың алдын алу мәселесі қаралды.

Қазіргі кезде жастар арасында нашақорлықтың өсуі әлеуметтік қауіпке айналып отыр. Мәселені шешу үшін қылмыстық заңдардың әділеттілігін нығайту, әлеуметтік қолдау көрсету және салауатты өмір салтын насихаттау қажет. Мемлекет пен қоғам бірлесіп жұмыс істеу арқылы жастарды қолдауға бағытталған бағдарламаларды, білім беру жобаларын және спорттық мүмкіндіктерді кеңейтуі тиіс.  

Жиынға "Ырыскелді қажы" мешіті Бас имамы  Нұрлан Байжігітұлы қатысты.

«Еліміз осы есірткі мәселесімен әлемдегі сегіздікке кіріп отыр. Бұл үлкен қасірет. Негізі біз бұл мәселені ел болып  тек қана дінмен жеңеміз. Мен діннің адамы болғандықтан дінді айтамын. Барлық мас қылатын, ақылды аздыратын нәрсе арам. Пайғамбарымыз 7 нәрсені қарғап, оларға қарғыс болсын деген. Мас қылатын нәрсені шығарып, тасыған және сатқанды 7 адамның үстінен құдайдың қарғысы болсын деп айтқан. Бұл хадис, сондықтан ауыр болсада, бұның артында ұрпақ пен болашақ тұрғаннан кейін өте ауыр нәрсе. Менің міндетім кейінгі  жастардың осындай жаман жолға түспеуіне ат салысу. Менің жеке жұмысым жастарболғандықтан осы нәрсені айтып жеткізуіміз керек. Себебі жастар біздің болашағымыз. Есірткі деген үлкен қасірет. Есірткі, лудомания, алаяқтық бұл бүгінгі таңдағы ең өршіп тұрған мәселе. Сол ұрпақтың мәселесін дін алып шығады, өйткені дінде «Харам нәрсеге жолама» деп айтады. Сол себепті тек қана имандылық біздің туымыз болуы керек. Сондықтан  Алладан қорыққан адам ондай нәрсеге қадам баспайды», – деді ол.

Сонымен қатар, жиында қамаудағылардың жағдайын жеңілдету мәселесі қозғалды. Қатысушылар ауыр қылмыстар үшін жаза мерзімін жартысына, ал аса ауыр қылмыстар үшін төрттен біріне дейін қысқартуды ұсынды. Бұл өзгерістер қылмыскерлерді қоғамға бейімделуіне және қайта құру саясатының тиімділігіне ықпал етеді деп есептеледі. Мемлекет басшыларына осы бағытта қадамдар жасауға шақырылды.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow