Ирандағы улы түтін Қазақстанға жетуі мүмкін – БАҚ
Кейбір шетелдік БАҚ Ирандағы мұнай қоймаларына жасалған шабуылдар салдарынан түскен қышқыл жаңбыр Орталық Азия елдеріне, оның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанға жететіні туралы жазды. Бұл туралы Sadaq.kz сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қырғызстандық және өзбекстандық БАҚ-да Ирандағы шабуылдар салдарынан пайда болған “уытты түтін” мен “қышқыл жаңбырдың” Орталық Азияға жетуі мүмкін деген ақпарат тарады.
Instagram желісіндегі Oblako.uz парақшасында Иранда шабуылдар нәтижесінде мұнай өңдеу зауыттары мен ірі отын қоймалары зақымданғаны туралы жазылды. Жарылыстар мен өрттерден кейін атмосфераға көп мөлшерде улы және қауіпті химиялық заттар тараған.
Жазбада соққылар жасалған аймақ үстінде улы химиялық қосылыстардан тұратын түтін қалыптасқаны көрсетілген.
“Бұл заттар ауадағы ылғымен әрекеттесе алады, сондықтан қышқыл жаңбыр түзілуі мүмкін. Иранның кейбір аймақтарында жергілікті тұрғындар әуе қабатында ерекше қара түсті жауын мен күшті химиялық иіс бар екенін айтты. Куәгерлердің айтуынша, кей жерлерде осындай жауын беткейлерде айқын із қалдырады. Бұл агрессивті химиялық қосылыстардың материалдармен әрекеттесуінен болуы мүмкін. Қазір мамандар мен бақылаушылар түтіннің қозғалысын қадағалап жатыр. Алдын ала бағалау бойынша, ауа массаларының әсерінен ол Орталық Азия елдері мен Қытайға қарай жетуі ықтимал. Әсер етуі ықтимал аймаққа Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстан кіруі мүмкін. Бірақ заттардың нақты концентрациясы мен салдары әзірге белгісіз”, – делінген жазбада.
Қырғызстанның жауабы
Қырғызстандық “Экономист” басылымының хабарлауынша, парламенттің тиісті комитеті отырысында депутат Махабат Мавлянова осы мәселені көтерді.
Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде заң шығарушыларды тыныштандыруға тырысты. Министрліктің орынбасары Асель Раимқұлова жағдай мамандардың бақылауында екенін растады.
“Қырғызгидромет” атмосфера құрамын үздіксіз бақылауда ұстайды. Мәліметтер республиканың бүкіл аумағына орналасқан арнайы станциялар желісі арқылы жиналады. Қазіргі уақытта ведомство ауа массаларының қозғалысын қадағалап, экологиялық жағдайдағы кез келген өзгерістерге жедел әрекет ету үшін мониторинг жүргізіліп жатыр”, – делінген мақалада.
Мақалада осындай экологиялық қауіптер дәстүрлі түрде ауыл шаруашылығы комитетінде талқыланадтыны айтылды. Себебі қалыпты емес жауын-шашын егіннің өнімділігіне және елдің су ресурстарына тікелей әсер етуі мүмкін.
Өзбекстанның жауабы
Өзбекстандық БАҚ “улы түтсін” туралы ақпарат тарғаннан “Узгидромет” пікір білдірді. Синоптиктер мәліметтердің ғылыми негізі жоқ екенін айтты.
“Ауа массалары ұзақ қашықтыққа қозғалғанда, ластаушы заттардың концентрациясы атмосфералық турбуленттік, тік бағыттағы араластыру, сондай-ақ құрғақ және ылғалды тұндыру процестері арқылы айтарлықтай төмендейді. Сондықтан көзден мыңдаған шақырым қашықтықта қышқыл жаңбырдың қауіпті концентрациясы қалыптасуы іс жүзінде мүмкін емес”, – деп түсіндірді мамандар.
Метеорологиялық бақылаулар мен атмосфералық ауаның сапасын мониторингтеу деректеріне сәйкес, “қышқыл түтіннің” Өзбекстан және көрші елдердің аумағына жету қаупі жоқ.
Қазақстанның жауабы
“Қазгидромет” мамандары мұның әзірге расталмаған ақпарат екенін айтты. Иран үстіндегі, Орталық Азия елдеріне жетуі мүмкін деп айтылып жүрген “қышқыл түтін” туралы ақпаратты ғылыми деректер мен бақылау нәтижелері жоққа шығаратынын мәлімдеді.
“Қышқыл жаңбыр негізінен өнеркәсіп, энергетика және көлік салаларынан атмосфераға түсетін күкірт және азот оксидтерінен түзіледі және әдетте ластау көздерінің жанында пайда болады. Ауа массалары ұзақ қашықтыққа қозғалған кезде, бұл заттардың концентрациясы табиғи атмосфералық процестер әсерінен едәуір төмендейді. Мониторинг деректеріне сәйкес, Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне осындай ластанулардың жеткеніне ешқандай белгі тіркелмеген”, – деп хабарлайды “Қазгидромет”.
Мамандар ұлттық метеорологиялық және экологиялық қызметтердің ресми деректеріне сүйенуге және расталмаған ақпаратты таратудан аулақ болуға кеңес береді.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0