Каспий жағалауынан 173 бекіре тұқымдас балықтың өлексесі табылды
Қазір мамандар биологиялық материалдар мен теңіз суынан сынамалар алып жатыр. Сонымен қатар өлген балықтарды жинау, жою жұмыстары жүргізілуде. Бекіре тұқымдас балықтардың қырылу себебі әзірге белгісіз.
Маңғыстау облысының Қарақия ауданында Каспий теңізінің жағалауынан бекіре тұқымдас 173 балықтың өлексесі табылды.
Мамандардың мәліметінше, батыстан соққан қатты желден кейін балықтар жағаға шығып қалған. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Маңғыстау облыстық балық шаруашылығы басқармасының Жануарлар дүниесін қорғау қызметінің мәліметінше, 20 қазанда қызметкерлер балық инспекциясының өкілдерімен бірлесіп, жағалаудағы резервтік учаскелерді тексерген.
Тексеру «Өмір глэмпинг» демалыс базасынан бастап Песчаный мүйісіне дейінгі, одан әрі Құрық портына жалғасатын жағалау аумағын қамтыған. Осы учаскеден әртүрлі деңгейде шіріген 173 бекіре тұқымдас балықтың өлексесі табылған.
Бұл туралы ақпарат Қарақия ауданының 102 қызметіне, Маңғыстау облысының экология басқармасына және жергілікті атқарушы органдарға жолданған. Қазір мамандар биологиялық материалдар мен теңіз суынан сынамалар алып жатыр.
Сонымен қатар өлген балықтарды жинау, жою жұмыстары жүргізілуде. Бекіре тұқымдас балықтардың қырылу себебі әзірге белгісіз.