Қайтыс болғандар арасында әкесі мен екі ұлы бар: Павлодардағы қайғылы оқиғаға қатысты жаңа дерек шықты
Павлодар облысындағы Жоламан ауылында кәріз құдығында алты адам көз жұмған қайғылы оқиғаға қатысты жаңа мәліметтер жарияланды. Марқұмдардың арасында әкесі мен екі ұлы болған, деп хабарлайды КТК телеарнасының сайтына сілтеме жасаған sadaq.kz.
Телеарна сайтының мәліметінше, Жоламан ауылындағы кәріз құдығында қаза болған алты жұмысшының үшеуі – бір отбасының мүшелері. Қайғылы оқиға болған күні 51 жастағы ер адам мен оның 17 және 20 жастағы екі ұлы үйлеріне оралмаған.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, марқұмдардың арасында олардың 28 жастағы тағы бір туысы бар.
Оқыс оқиға күндіз сүт фермасының аумағында болған. Жұмысшылардың ішінен тек бір адам аман қалған. Көмірқышқыл газынан уланған 38 жастағы ер адам ауруханаға жеткізілген.
Кейін оқиға орнына Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов келген. Ол тергеуді әділ жүргізуді және болған жайттың барлық мән-жайын анықтауды тапсырған.
"Марқұмдардың отбасыларына мемлекеттік органдар тарапынан да, жұмыс беруші тарапынан да жан-жақты қолдау көрсетіледі. Оларға арнайы материалдық көмек беріліп, жыл соңына дейінгі жалақысы төленеді, сондай-ақ несиелерін жабуға көмек көрсетіледі", - деді Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әкімбекова.
Ол кәсіпорын марқұмдардың кәмелетке толмаған балаларын 18 жасқа толғанға дейін асырау және оқыту шығындарын да өз мойнына алатынын айтты.
Кәсіпорын иесі, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Александр Терентьев қайтыс болған жұмысшылардың отбасыларына материалдық көмек көрсетуге уәде берді.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0