«Халықтың дұғасы қабыл болды»: Бақытжан Базарбек Нұржігіттің қазіргі жағдайын көрсетті
Экс-депутат Бақытжан Базарбек өзі қағып кеткен Нұржігіт Қошановтың қазіргі жағдайы туралы жазба жариялады, деп хабарлайды sadaq.kz.
Ол әлеуметтік желідегі жазбасында Тараз қаласының көпбейінді ауруханасында Нұржігітке медициналық көмек көрсеткен дәрігерлерге алғысын білдірді.
«Бұл – еліміздің мыңдаған адамы асыға күткен сурет. Суретте өз білімі, ерекше кәсібилігі мен жанкешті еңбегінің арқасында Нұржігітті ажалдан аман алып қалып, есін жиғызып, қайтадан аяққа тұрғызған Тараз қаласының көпбейінді ауруханасының дәрігерлері», – деп жазды Базарбек.
Оның айтуынша, Нұржігіттің жанында болған кезеңде аурухана дәрігерлері ауыр халдегі көптеген науқастың өмірін сақтап қалуға атсалысқан.
«Бұлар – заманымыздың нағыз қаһармандары десем, артық айтқаным емес. Өз өмірін өзге адамның өмірін сақтап қалуға арнаған ақ халатты абзал жандарды қадірлей білейік, ағайын! Дәрігерлерге мың алғыс! Еңбектеріңізге мың тағзым!» – деді экс-депутат.
Бақытжан Базарбек Нұржігіттің алда әлі оңалту кезеңінен өтетінін де атап өтті.
«Біраз төккен терім ақталды, өзімнің дұғам, халықтың дұғасы Жаратушым Алла тағала қабыл алды. Нұржігіттің аяғы сынғандықтан алдымызда әлі реабилитациясы күтіп тұр. Сол бағытта жұмыс жасайтын боламыз», – деп жазды ол.
Базарбек жазбасында Нұржігітке медициналық көмек көрсеткен аурухана басшылығы мен дәрігерлердің, медбикелердің аты-жөнін де атаған.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0