«Қыркүйек пе, әлде қыргүйек пе?»: Оқу-ағарту министрі жауап берді
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова көпшілік арасында талқыланып жатқан «қыркүйек» сөзінің дұрыс жазылуына қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Министр Үкімет отырысынан кейінгі брифингте бұл мәселені шешу Оқу-ағарту министрлігінің құзыретіне жатпайтынын атап өтті. Оның айтуынша, сөздің емле нормасына қатысты нақты шешім тіл мамандары мен ғалымдардың ғылыми зерттеулеріне негізделуі керек.
Жұлдыз Сүлейменова бұл тақырыптың өзіне де қызық болғанын айтып, кезінде белгілі тілтанушы Рабиға Сыздықтың еңбектерін қарастырғанын жеткізді.
«Бұл мәселе мені де қызықтырды. Ғалым Рабиға Сыздықтың ғылыми зерттеулеріне назар аудардым. 1980-жылдардан бері сөздің айтылуы мен жазылуы арасындағы заңдылықты сақтай отырып, емле нормасына өзгеріс енгізу мәселесі талқыланып келген. Өзім “қыркүйек” сөзін “к” әрпімен жазамын. Себебі бізге кезінде осы норма бойынша білім берілді», – деді министр.
Оның сөзінше, бұрын жүргізілген зерттеулерде «қыргүйек» нұсқасының қолданысы 93 пайызға дейін жеткен. Сонымен қатар министр екі нұсқаның бірін қате деп кесіп айтуға болмайтынын жеткізді.
«Меніңше, “қыркүйек” немесе “қыргүйек” деп жазудың ешқайсысын бірден қате деуге болмайды. Мысалы, қазір “Ботакөз” емес, “Ботагөз” деп айтамыз. Бұл да қазақ тіліндегі сөздердің айтылуы мен жазылуына тән ерекшеліктердің бірі. Сондықтан мұны тілдік норма ретінде қабылдаған жөн», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0