«Күдік тудырады»: Айгүл Орынбек Айнұр Тұрсынбаеваның қорын тексеруді талап етті

Белгілі заңгер әрі қоғам белсендісі Айгүл Орынбек айтыскер-коуч Айнұр Тұрсынбаеваның «Айдың Нұры» қорын тексеруді талап етті. Оның айтуынша, бұл қордың қызметі Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін күмән туғызған, - деп хабарлады sadaq.kz.
«Айдын Нұрын қоры дәл Перизаттың қоры сияқты мұқият тексерілуі керек деп талап етемін! Қанды Қаңтар оқиғасының алдында халықтан аямай ақша жиналды. Кейін менің тексерсін деген сұранысымнан соң қор жабыла салды. Бұл — үлкен күдік тудырады», - деп жазған заңгер өзінің Facebook парақшасында
Айгүл Орынбектің айтуынша, елде бақылаусыз қорлар көбейіп, кейбір шенеуніктер мен әкімдер кәсіпкерлерден заңды түрде ақша жинау үшін қор құруды әдетке айналдырған.
«Яғни, параны айналып өтіп, қор арқылы алады. Қайырымдылықты желеу еткен жалған қорларды жабатын уақыт келді», — деді ол.
Заңгер сонымен қатар мемлекет тарапынан мұндай әрекеттерге қатаң бақылау орнатуды, халықтың сенімін пайдаланып, ақша жымқыруға жол беріп отырғандарға шара қолдануды талап еткен.
Айгүл ханым осыдан бірер жыл бұрын Бас прокуратурадан “Айдың нұры”қорын қатаң тексеруді сұраған еді.
"
Соңғы үш жылда қылмыс әлемінің серкесі “Дикий Арман” және оның қырық қарақшысы айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева арқылы қоғамда қатты жарнамаланды. Елдің алдында жүрген біраз жұлдыздар да Түркияға ағылып, тіпті оның сайлап алған символы - “қасқыр белгісін” (түрлі кереғар мағыналас) саусақпен көрсетіп, әлгі Арманмен жеке суретке түсті. Түсіп қана қойған жоқ, оны әлеуметтік желіде әспеттеп “батыр” көрсете бастады. Бұрын соңды қалың елге тек “қылмысымен” танылған ол, осылайша соңғы үш жылда халыққа дәрі-дәрмек, тамақ тарататын қайырымды жан, спортсмендерге 2000 долларлап сый беретін “супермэн герой” болып шыға келді!
Расында…Бұл “ЕРЛІКТІҢ” артында бір шикілік барын, бір “дәудің” тұрғанын БІЗ сияқты жандар түсінгенмен, қарапайым халық түсіне бермеді! Иә, Елдің алдында жүрген “подписчигі” көп танымал тұлғаларды шақырып, оларға ат шапан жауып үлде мен бүлдеге орау, қалтасына конверт салып өзімен суретке түсіп, атойлап жарнамалату - бұл сәләфиттердің әдісі екенін бірі білсе, бірі беле бермейді ғой.
Бұның бәрі арнайы дайындалған ЖОБА! Бұл - Елдің алдында жүрген танымал адамдар арқылы халықтың санасын улап, өздерін қайырымды да жанашыр көрсету арқылы билікке жетудің тың тәсілі! Иә, билікке жетудің төте әрі қитұрқы оңай жолы!
Әйтпесе, бұрын соңды халық үшін тырнағының ұшын қимылдатпаған адам, қалайша миллиондаған қаржыға жұртқа жақсылық жасай қалды? Батпан құйрыққа қайдан ғана бата қалды?
Осының бәріне күдікпен қарай отырып, қазір де халықтан ақша жинап отырған Айнұр Тұрсынбаеваның қорын Бас Прокуратура, Ұлттық Қауіпсіздік Комитеттетінен тексеруді сұраймын! Қатаң тексеруді сұраймын!
Халықтан жиналған ақша - халықтың алдында тиынына дейін есебі берілуі керек! Африкаға су құдығын кіргізіп жүрген қорымыз, елімізге “Дикий Арман” арқылы қарулы лаңкестерді кіргізбегеніне кепілдік бар ма?
Әрине жоқ! Сол себепті, бұл қор шұғыл түрде әрі жіті тексерілуі керек!
Ауа жетпей жатқан халыққа “дем беремін” деген Айнұрдың өзіне биліктен үміт үзіп отырған халық болып, аппараттарға ақша аудардық. Рас қой?! Сол аппараттар елге келді ме, келсе қай ауруханаларға жіберілді соның да есебі берілген жоқ!
Елден жасыратын ештеңесі жоқ болса, істеген әрбір амалы таза болса, Айнұр ханым халықтан түскен әрбір тиынға - өзі есеп берсе де болады! Осы уақытқа дейін қорға қанша қаражат түсті, сол қаражаттар қандай бағыттарға жұмсалды….бәрі-бәрінің жауабын халық болып күтеміз!",- деп жазған болатын.
Сіздің реакцияңыз қандай?






