Құрылтай депутаттарына тәртіптік жаза күшейтілді
Құрылтай депутаттары әдеп нормаларын бұзған жағдайда тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Бұл туралы Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева айтты.
Оның сөзінше, депутаттарға сөгіс жариялау, көпшілік алдында кешірім сұрату, бір немесе үш отырыста сөз сөйлеу құқығын шектеу, отырыстан шығару және бір күндік жалақысын ұстап қалу сияқты шаралар қарастырылған.
Депутаттық әдеп жөніндегі кеңес азаматтар мен заңды тұлғалардан түскен өтініштер мен шағымдарды қарайды. Кеңес тек құқық бұзушылықтарды қарастырып қоймай, депутаттарға әдеп талаптарын түсіндіру жұмыстарын да жүргізеді.
Әдеп нормалары депутаттың Құрылтайдағы қызметімен қатар, қызметтен тыс әрекетіне де қатысты. Әріптестерін немесе басқа азаматтарды қорлау, ар-намысына тию және тексерілмеген ақпарат тарату әдеп бұзушылық болып саналады.
«Құрылтайда 145 депутат бар, оның құрамы 78 пайызға жаңарды. Сондықтан депутаттық әдеп нормаларын түсіндіру маңызды», – деді Дания Еспаева.
Құрылтай депутаттарының мінез-құлық нормалары жаңа Регламенттің 26-тарауында бекітілген. Бұл туралы депутат Снежанна Имашева баяндап берді.
Оның айтуынша, депутаттар қызмет барысында да, одан тыс уақытта да әдеп сақтап, әріптестері мен басқа азаматтарға құрметпен қарауы керек.
Депутаттарға өзге адамдарды негізсіз айыптауға, дөрекі немесе қорлайтын сөздер айтуға, қорқытуға, күш қолдануға шақыруға және отырыстың өтуіне кедергі келтіруге тыйым салынады.
Сондай-ақ депутаттың сөзін бөлуге, орынсыз түсініктеме беруге, құттықтау жасауға және намысқа тиетін қимыл-ишарат жасауға болмайды.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0