Magnum басшысы халықтан кешірім сұрады

Сәуір 10, 2025 - 22:56
Magnum басшысы халықтан кешірім сұрады

Халықтың қарсылығы Magnum-ды ақыры тізе бүктірді. Бірнеше күннен бері сыр бермегенсіп жатқан компания басшысы халықтан кешірім сұрап, мәлімдеме жасады.

"Қадірлі тұтынушыларымыз, қымбатты отандастар! Соңғы күндері болған жағдай сіздердің де, біздің де көңілімізге кірбің түсірді.
 
Қазақ – сабырлы халық, кез келген түсініспеушілікті ақылмен шешкен елміз. 

Біз де осы дәстүрді ұстанып, қызметкеріміз бен клиентіміз арасындағы келіспеушілікті реттедік. Тараптар бір-бірімен татуласып, өзара кешірім сұрап, қол алысты. Бүгінде мәселе толық шешіліп, қызметкеріміз өз жұмысын жалғастыруда. 

Бәріміз қазақпыз. Осы елдің азаматымыз. Әрине, біз де қазақ тілін құрметтейміз. Ана тіліміз — басты құндылығымыз. 
Оны білу - әрбіріміздің асыл парызымыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын", – деді компанияның топ-менеджері Нияз Шапақов. 

Magnum өкілдері бұл жағдайдан сабақ алғандарын және болашақта мұндай түсініспеушіліктерді болдырмау үшін тиісті шаралар қабылдайтындарын жеткізді.

Олар жұмыстан шығарған тапсырыс жеткізушіні қайтадан қабылдаған. 

Бұған дейін әлеуметтік желі қолданушысы Асылхан есімді азамат Magnum-нан азық-түлікке тапсырыс бергенін, жеткізу кезінде жеткізушінің одан қазақ тілінде сөйлеуді талап еткенін жазған болатын. Бұл жазба қоғамда түрлі пікірлер тудырып, кейбір азаматтар компанияға бойкот жариялауға шақырған еді.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow