«Мен сені қатты сағындым»: Қайрат Құдайбергеннің қызы әкесіне арнап жазба жариялады

Мамыр 6, 2025 - 17:37
«Мен сені қатты сағындым»: Қайрат Құдайбергеннің қызы әкесіне арнап жазба жариялады
Фото: әлеуметтік желі

Мәслихат депутаты болған кәсіпкер, 8 жылға сотталған Қайрат Құдайбергеннің қызы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында әкесіне арнап тебіреніске толы жазба жариялады. Ол жазбасында әкеге деген сағынышы мен балалық естеліктерді шынайы әрі терең сезіммен баяндаған,деп хабарлайды saDaq.kz.

Жас қыз сағыныш сезімінің жүрекке ғана емес, бүкіл жан дүниеге әсер ететінін жазады. Әкесін ұзақ көрмеген кездегі жан толқынысын сипаттап, бұл сезімді басу ғана мүмкін екенін жеткізеді.

«Сағыныш деген жүрекке тиер қатты сезім ғой. Тек жүрекке емес, барлық жан дүниең алай-дүлей болып, барлығы қысылып, өмірдің мәнін ойлайтындай күйге жеткізер үлкен сезім толқыны», – деп жазады ол.

Ол әкенің қыз өміріндегі ерекше орнын сипаттай келе, қиын сәттерде әке қолдауының жетіспеуі үлкен психологиялық күйзеліске әкелетінін жасырмайды. Әкесін тірегі, қорғаны, асқар тауы ретінде қабылдайтынын ашық айтады.

Қыз бала әкесінің бала кезінен көрсеткен мейірімі мен жылы сөздері өмір бойы есінде сақталып қалғанын жаза отырып, қазіргі өмірде барлық адамнан сондай мейірімділік күтетінін мойындайды. Алайда бұл үміттің бәрі ақтала бермейтінін де ашық білдіреді.

«Барлық адам ондай емес. Өзімнің қаншалықты ақкөңіл екенімді түсіндім. Жылы қарасаң да, артыңнан ғайбат айтатындар табылады екен», – дейді ол.

Әкесін өзінің өмірлік үлгісі ретінде көретін қыз баласы оның адалдығын, адамгершілігін, иманын жоғалтпағанын мақтанышпен айтады. Өзінің де дәл сондай тұлға болуға ұмтылатынын жазба арқылы жеткізеді.

Жазба соңында ол әкесін қатты сағынғанын, дәл қазір оның құшағы мен жылы сөздері ауадай қажет екенін әсерлі жеткізеді. Бұл жолдар әрбір оқырманның жүрегін тебірентпей қоймайды.

«Әкешім, мен сені сағындым, тезірек қасыма оралшы, сен маған өте керексің. Мен сені өмірімнен де артық жақсы көремін!» – деп аяқтайды ол.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow