Нархоз қазақ тілін алып тастады: Бұған ұстаздар наразы
Жақында Нархоз университетінің Экономика және Менеджмент мектебі қазақ және орыс тілдерін алып тастап, тек ағылшын тілінде дәріс өтетінін айтқан болатын. Бұған наразы ұстаздар министрлікке хат жолдады.
Orda.kz тілшілері наразы ұстаздардың талабы мен студенттердің пікірін жариялаған болатын.
Сондай-ақ, университет қабылдаған шешім әлеуметтік желі қолдаушылары арасында да біраз дау туғызды. Бұл турасында Нархоз университетінің президенті Қанат Қожахмет жауап берді.
Университет басшысының сөзінше, студенттер дәрісті қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің бірін таңдап оқиды. Осы жолы студенттер ағылшын тілін оқыту тілі ретінде өздері таңдап отыр.
«Оқу жоспары бойынша студенттер қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінің бірін таңдайтынын айта кеткім келеді. Қазіргі таңда әлемдік ғылыми деректерге қол жеткізу үшін көп студент дәрістерді ағылшынша өтуді таңдайды. Қазір әлемде ғылыми сабақтардың 90%-ы ағылшын тілінде өтетіні құпия емес шығар. Нәтижесінде, ағылшынша жақсы білген студенттер қазіргі ғылыми басылымдар мен экономикалық әдебиеттерді еркін оқи алатын болады. Ал үздік экономистердің баяндамаларын өз тілінде, яғни ағылшын тілінде тыңдап ұға алады. Ағылшын тілінде дәріс беру жайлы бастаманы Нархоз 2007 жылы қолға алған болатын. Нәтижесінде, Нархоз халықаралық рейтингке шықты. Соның ішінде FIBAA, QS World University Rankings 2024-те білім ордамыздың қосылғанын айта кетейін»,— деп жауап берді Қанат Қожахмет.
«Біздің басты мақсатымыз – студенттеріміздің әлемдік деңгейде білім алуын қамтамасыз ету. Қазіргі таңда Нархоз оқытушыларының басым бөлігі қазақстандықтар, олардың арасында шетелдік дипломмен жұмысқа кірген ұстаздар бар. Шетелдік мұғалімдерді оқу орнына тарту бойынша да жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ қазіргі уақытта олардың үлесі жалпы мұғалімдер санының 10 пайызынан аспайды», — деді университет басшысы.
Сондай-ақ, басшылық білім ошағында қазақ тілінде пікірсайыс өткізетін клуб бар екенін және университет ұстаздары қазақ тілінде «Үздік оқытушы» атты байқауға қатысатынын айтты.
Сіздің реакцияңыз қандай?