«Өмірімді 85 мың теңгеге бағалады»: Семейде бойжеткенді аңдыған әйелге қатысты сот шешімі шықты

Қаңтар 28, 2026 - 01:10
Қаңтар 28, 2026 - 01:12
 0  1
«Өмірімді 85 мың теңгеге бағалады»: Семейде бойжеткенді аңдыған әйелге қатысты сот шешімі шықты
Фото: видеодан скрин

Семей қаласында түн ішінде бейтаныс бойжеткенді кіреберісіне дейін аңдып, зәресін алған әйелге қатысты сот үкімі шықты. Алайда зардап шегуші Аружан сот шешіміне мүлдем көңілі толмайтынын айтып, жанайқайын жеткізді.

Естеріңізде болса, бұған дейін желіде түнде үйіне қайтып бара жатқан бойжеткеннің соңынан еріп, оғаш мінез-құлық танытқан әйелдің видеосы тараған болатын. Аружан есімді бойжеткен сол түні қатты қорыққанын және өміріне қауіп төнгенін айтып, полицияға арызданған еді.

27 қаңтар күні өткен сот отырысында аңдушы әйел (Анель) өз кінәсін мойындамақ түгілі, сот залында жәбірленушіге қарап күлімсіреп отырған. Жәбірленушінің айтуынша, айыпталушының анасы да Аружанның анасына дүрсе қойып, «қызыңа ие бол» деп айыптаған. Ал Анельдің өзі сотта «мен жай ғана достарыма бара жатқанмын, ешкімді аңдыған жоқпын» деп ақталған.

Сот шешімімен аңдушы әйелге «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша 85 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл жаза тек қоғамдық орында балағат сөздер айтқаны үшін ғана берілген.

Аружанның «Неге қорқыту (угроза) фактісі ескерілмеді?» деген сұрағына полиция қызметкерлері былай деп жауап берген:

«Қорқыту — бұл адам пышақпен сені ұстап алып, өлтіремін деп айтқан кезде болады. Ал сіздің жағдайыңыз қорқыту болып саналмайды».

Жәбірленуші соттан кейін айыпталушының анасынан: «Әлі де көңілің толмай тұр ма, бастысы өлтірген жоқ қой» деген сөз естігенін айтады.

«Менің өмірімді 85 мың теңгеге бағалады. Басқа көршілер де бұл әйелдің үстінен шағымданған, бірақ оны ешкім тыңдап жатқан жоқ. Мен Қазақстан полициясы мен сот жүйесінен көңілім қалды», — дейді Аружан.

Бұл оқиға әлеуметтік желіде үлкен талқыға түсіп жатыр. Көпшілік «адам өлімі болмайынша, тиісті жаза берілмей ме?» деген сұрақты қоюда.

 

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0