«Өз қолыма тиді»: Меруерт Өтекешова «Қыз Жібектің» камзолына қатысты дауға нүкте қойды (ВИДЕО)
Қазақстанның халық әртісі Меруерт Өтекешова «Қыз Жібек» фильмінде киген тарихи камзолының өзіне қайта табысталғанын айтып, қуанышымен бөлісті, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Актриса әлеуметтік желідегі парақшасында бұл киімнің өзі үшін ерекше естелік екенін атап өтті.
«Бүгін жүрегім ризашылыққа толы. Арада қаншама жыл өткен соң, "Қыз Жібек" фильмінде киген камзолым қайтадан өз қолыма тиді. Бір кезде ол сомдаған кейіпкерімнің ажырамас бөлшегі болса, бүгінде өткен күндердің ең қымбат естелігіне айналды. Қолыма алған сәтте түсірілім алаңындағы ұмытылмас күндер мен бірге еңбек еткен аяулы жандар көз алдыма келді. Осы камзолмен араға 56 жыл салып қайта қауыштым. Оны маған табыстаған Баян Мақсатқызына алғысым шексіз. Енді бұл жәдігерді Астанадағы ірі музейлердің біріне тапсыруды жоспарлап отырмын», – деді Меруерт Өтекешова.
Еске салайық, бұған дейін продюсер Баян Алагөзова актрисаға сыйға тартқан пәтерін көрсетіп, қоныс тойын жасаған болатын. Ол бұл уәдесін екі ай бұрын берген.
Айта кетейік, биыл сәуір айында Баян Алагөзова «Қыз Жібек» фильміндегі тарихи камзолдың өзіне сыйға берілгенін айтып, оны киіп түскен видеосын әлеуметтік желіде жариялаған еді. Осыдан кейін Мәдениет және ақпарат министрлігі фильм реквизитінің жеке адамның иелігіне қалай өткенін тексеретінін мәлімдеген болатын.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0