Париж маңында теракт: 1 адам қаза тапты, 12 жасар қыз ауыр жараланды
Париж маңындағы Трапп қаласында көліктен атыс ашылды. Бір адам қаза тауып, бес адам жараланды, оның ішінде 12 жасар қыз бар. Билік оқиғаны нәсілдік терроризм деп бағалады.
Париж маңындағы Трапп қаласында жұма күні көліктен атыс ашылды. Бір адам қаза тауып, бес адам жараланды, оның ішінде 12 жасар қыз ауыр халде. Билік оқиғаны нәсілдік негіздегі терроризм деп бағалап отыр, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Шабуыл жасады деген күдікті — 39 жастағы Кевин Т. Ол Трапп пен көршілес Ла-Верьер қалаларында шамамен 15 минут бойы автомат қарудан оқ атқан. Атыс жанармай құю бекетінде, медициналық орталықта және балалар алаңында болған. Күдікті полицияға ұсталған. Оның үйінде газ баллондары мен электр сымдарынан жасалған қақпан табылған.
Франция президенті Эммануэль Макрон оқиға орнына барып, шабуылды «нәсілдік терроризм» деп атады. Ол елдегі нәсілшілдікке қарсы тұруға шақырды. Ішкі істер министрі Лоран Нуньес мұның террористік қылмыс екенін айтты. Трапп мэрі Али Рабех шабуылшының «кездейсоқ оқ атып, қан төгуді көздегенін» жеткізді.
Қаза тапқан адам — Пенго Боссио Ванги есімді жас жігіт, ол африкалық текті болған. Жараланғандардың бірі — 12 жасар қыз, оған сегіз оқ тиген, жағдайы ауыр. Тағы бір жаралы — Солтүстік Африкадан шыққан. Билік қылмыстың нәсілдік себеппен жасалғанын тергеп жатыр.
Бұл оқиға Франциядағы әлеуметтік шиеленіс кезінде болды. Сенбі күні жаппай наразылықтар күтілуде, полиция 70 мың қызметкер жұмылдырады.