Шерзат Полат ісі: сот процесін 40-тан астам ел бақылаған

Екі ай ішінде 36 тікелей эфир жүргізіліп, 80 сағаттан астам трансляция жасалды

Маусым 9, 2025 - 16:00
Маусым 9, 2025 - 16:32
Шерзат Полат ісі: сот процесін 40-тан астам ел бақылаған
Ulysmedia.kz коллажы

Өткен бейсенбі күні марқұм Шерзат Полаттың ісі бойынша сот үкімі жарияланған. Жоғары соттың баспасөз хатшысы Перизат Садуакас-Хайруллина екі айға созылған сот процесінің қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бұл процесс – кәсіби өмірімдегі ең ауыр кезеңдердің бірі болды. Үкім оқылған сәт – эмоцияға толы, жүйке мен сабырдың сыналған күні. Бүгін мен осы екі айға созылған жұмыстың қорытындысын шығарғым келеді. Бұл – Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша онлайн-трансляция туралы шынайы репортаж», - деп жазды баспасөз хатшы.

Онлайн-трансляция статистикасы

10 сәуірден бастап 2 ай ішінде:

36 тікелей эфир;
80 сағаттан астам трансляция;
30-дан астам медиа ресурста қайта көрсетілім;
YouTube-тағы қаралым саны – 1 000 000+.

Көрермендердің жас құрамы:

25-34 жас – 37,1%;
13-17 жас – 1,5%.

Гендерлік құрам:

Әйелдер – 58,3%;
Ерлер – 41,7%.

Қаралым географиясы – 42 ел:

ТОП-5:

Қазақстан – 87%;
Өзбекстан – 5,3%;
Қырғызстан – 1,4%;
Германия – 0,6%;
АҚШ – 0,3%.
Үкім оқылған күн: Эфирдегі дағдарыс

«6 маусым — менің кәсіби өмірімдегі ең ауыр күн. Сот үкімі жарияланған кезде камера жанында, айыпталушылардың дәл жанында тұрдым. Арадағы жалғыз кедергі – 3–4 СОБР қызметкері ғана. Мен бұл процестің соңында ішкі қанағат табамын деп ойладым. Бірақ... менің ішімде тек үнсіздік пен бос кеңістік қалды. Кейде камера сездіре алмайтын нәрселер бар. Бұл – сондай сәттердің бірі болды. Әріптестеріме, техникалық қолдау көрсеткен мамандарға, журналистерге және бізге сенім артқан көрерменге шексіз алғысымды білдіремін. Барлығыңызға рахмет. Бұл – командалық еңбек», - деп Перизат Садуакас-Хайруллина сөзін қорытындылады.

Айта кетейік, 2024 жылдың 4 қазанында Талғар қаласында 16 жастағы Шерзат Полат топтық төбелестің құрбаны болды. Оқиға қаладағы «Қамажай» дүкенінің алдында басталған. Жасөспірім бала әкесі Қаржаубай Нұрымовпен бірге сауда жасап жүргенде сыра алуға келген Дархан Әскентаймен қақтығысып қалады. Әскентай бір топ жігітті шақырып, ақыр аяғында олардың арасында үлкен жанжал туып, төбелес болады. Сол жерде жүрген Абзал Шынасыл Шерзат Полаттың жүрек тұсына пышақ сұғып, қалғандары қансыраған баланы анасының көзінше тепкілейді. Оның видеосы желіге жедел тарап, қоғамдық резонанс тудырды. Алматы полиция департаменті іске қатысы бар 11 адамды ұстап, екі айға тергеу изоляторына қамады. Осы іс бойынша 40 сот сараптамасы жасалып, шамамен 200 куәгерден жауап алынды. Елді дүр сілкіндірген қылмыстан кейін Талғар қаласының әкімі мен оның орынбасары, Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы орындарын босатты.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow