Шығармашылықты мамандыққа айналдыру: QADAZ FEST Астанада мыңға жуық оқушының басын қосты
Астанада болашағын шығармашылық саламен байланыстырғысы келетін жасөспірімдерге арналған «QADAZ FEST 2026» фестивалі өтті. Еліміздің әр өңірінен келген мыңға жуық оқушының басын қосқан шара кәсіби бағдар, тәжірибе алмасу және жаңа орта қалыптастыру алаңына айналды, деп жазады Sadaq.kz.
Фестивальді шығармашылық мамандықтарға дайындайтын «QADAZ» оқу орталығы ұйымдастырды. Орталық талапкерлерді архитектура, дизайн, журналистика, режиссура, арт-менеджмент және актерлік өнер бағыттары бойынша шығармашылық емтихандарға даярлайды. Сабақтар онлайн форматта да өтетіндіктен, Қазақстанның кез келген елді мекеніндегі оқушы қашықтан білім ала алады.
Фестиваль барысында жасөспірімдер медиа, кино, музыка, әдебиет және білім беру саласының өкілдерімен кездесіп, шығармашылық индустрияның ішкі жұмысымен танысты.
Құрметті қонақтар қатарында жазушы әрі сценарист Перизат Мырзахмет, «Хабар» телеарнасының жүргізушісі Дарын Олжабай, «Qazaqstan» ұлттық арнасының жүргізушісі Бексұлтан Әкімжан, әншілер Нұрай Шеру мен Zineken, «Креативті индустрияларды дамыту қорының» басқарушы директоры Алмас Сағынұлы, журналист әрі тележүргізуші Дастан Мүрсәлім және Tomiris History оқу орталығының негізін қалаушы болды.
Ал фестивальдің арнайы спикерлері – «Orda.FM» радиосының басшысы, медиаменеджер Айкерім Есенәлі мен «Tartaria Films» киностудиясының негізін қалаушылардың бірі, режиссер Қуаныш Бейсек. Олар оқушыларға кәсіби жолы, шығармашылық ортадағы тәжірибесі және салада қалыптасудың ерекшеліктері туралы айтып берді.
Кештің музыкалық бағдарламасын танымал әнші SADRADDIN қорытындылады.
Шарада оқу орталығы шәкірттерінің жетістіктері де назардан тыс қалмады. Шығармашылық емтихандардан ең жоғары нәтиже – 130 балл жинаған сегіз оқушыға шетелге жолдама табысталды. Тағылымдама кезінде ерекше белсенділігімен көзге түскен жасөспірімдер де арнайы марапаттарға ие болды.
Орталықта білім беру аудиториядағы сабақпен шектелмейді. Шәкірттер шығармашылық жобаларға қатысып, таңдаған бағыты бойынша тәжірибе жинақтайды. Олардың арасында «Бақыт агенттігі» толықметражды көркем фильміне түскен оқушылар да бар. Сонымен бірге жасөспірімдер танымал тұлғалардан сұхбат алып, кәсіби коммуникация дағдыларын жетілдіреді.
Тағылымдама бағдарламалары оқушыларға алған білімін нақты жобаларда қолданып, шығармашылық индустрияның жұмыс үдерісіне ерте араласуға мүмкіндік береді. Осы арқылы олар өз қабілетін сынап, болашақ кәсіби бағытын саналы түрде таңдай алады.
«QADAZ FEST 2026» фестивалінде білім, тәжірибе және кәсіби байланыс бір алаңда тоғысты. Ұйымдастырушылардың басты мақсаты – оқушыны емтиханға дайындап қана қоймай, оның таңдаған мамандығын терең танып, кәсіби ортаға мектеп қабырғасынан бастап араласуына жағдай жасау.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0