Шымкент әкімінің орынбасары лайк басуға мәжбүрлемейтіндерін айтып, ақталды

Сәуір 23, 2025 - 17:41
Шымкент әкімінің орынбасары лайк басуға мәжбүрлемейтіндерін айтып, ақталды
Фото: Pixabay.com
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жастар ресурстық орталығында туындаған «лайк дауына» байланысты ресми түсініктеме беріп, даудың желіде орынсыз көтерілгенін айтты, деп хабарлайды sadaq.kz. 
Бұған дейін бірқатар қызметкер әлеуметтік желідегі парақшаларға лайк баспағаны үшін сөгіс алғанын мәлімдеген болатын. Бұл ақпарат қоғамда үлкен резонанс тудырып, орталық жұмысын сынға алғандар да аз болмады. Алайда әкімнің орынбасары бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Оның сөзінше, ешбір қызметкерге лайк үшін ескерту берілмеген.
«Әлеуметтік желіде тараған сөздер шындыққа сай емес. Біз ешкімді лайк басуға міндеттеген жоқпыз. Бізге лайк емес, нақты нәтиже керек. Жастар орталығында жүргізілген ішкі мониторинг барысында бірқатар әкімшілік және ұйымдастырушылық кемшіліктер анықталды. Психолог маманға ескерту оның қызметтік міндетін орындау барысында жіберген қателіктері үшін берілді. Ал орталық басшысына сөгіс те әлеуметтік желідегі белсенділікке емес, жалпы жұмысындағы олқылықтарға қатысты жарияланды», – деді Сәрсен Құранбек брифинг барысында.
Әкім орынбасарының айтуынша, тексеру барысында құжат айналымына, еңбек тәртібіне қатысты да бірқатар заңбұзушылықтар тіркелген.
«Жастар орталығы – төрт мыңнан аса жас қамтылған маңызды мекеме. Сондықтан оның жұмысы сапалы әрі ашық болуы тиіс. Біз қызметкерлердің желідегі белсенділігіне емес, олардың нақты жұмысына баға береміз», – деп түйіндеді ол.
Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желілерде орталық қызметкерлерінің әлеуметтік желіде лайк баспағаны үшін сөгіс алғаны туралы ақпарат тарап, қоғамдық резонанс тудырған еді. Шымкент әкімдігі бұл мәлімдемелерді жоққа шығарып, мән-жайды түсіндірді.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow