Шымкентте бүлдіршіннің өлімінен кейін екі кәсіпкер қамауға алынды

Сәуір 25, 2025 - 16:53
Шымкентте бүлдіршіннің өлімінен кейін екі кәсіпкер қамауға алынды

Кешкісін далаға ойнауға шыққан бірінші сынып оқушысы Айдын Сәуірбай үйіне қайтып оралмаған. Іздестіру жұмыстары барысында жеткіншектің денесі іші суға тола шұңқырдан табылған болатын, деп жазады Sadaq.kz.

Аталған аумаққа екі мердігер ұйым жауапты болған. Олар шұңқыр қазған, бірақ оны қоршамай, қауіпсіздік шараларын сақтамаған. Компаниялардың басшылары қауіпсіздікті қамтамасыз етпеді деген күдікпен ұсталды.

— Оқиға орнында ешқандай қоршау немесе ескерту белгілері орнатылмаған. Компания басшылары қамауға алынды, — делінген Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.

Былтыр "Тұран" шағынауданында кәріз құбыры жарылып, оны жамауға келгендер техникамен ор қазып тастап кеткен. Оған нәжіс суы толып, тереңдігі үш метрлік көлшікке айналғанын тұрғындар әкімдікке талай айтқан. Жергілікті билік жұмысқа мердігерді жалдап, олар тағы бір компанияға тапсырып, ақыры жұмыс аяқталмай қалған. 

Айта кетейік, бұдан бұрын аталған оқиғаға байланысты аудан әкімі қызметінен босатылған болатын.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow