Шымкентте полиция қызметкері есірткімен ұсталды
Рөлде Еңбекші аудандық полиция басқармасының қызметкері отырған. Салоннан шамамен 3 грамм мефедрон табылған.
Шымкентте есірткіге қатысты тексеріс кезінде полиция қызметкері ұсталды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері нөмірсіз «Kia» көлігін тоқтатпақ болған. Алайда жүргізуші полиция көлігіне соғылып, қашуға тырысқан.
Көлік арнайы жасақтың көмегімен тоқтатылды. Рөлде Еңбекші аудандық полиция басқармасының қызметкері отырған. Салоннан шамамен 3 грамм мефедрон табылған. Көлік полиция басқармасы бастығының орынбасарына бекітілгені айтылды.
"Шымкент қалалық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында есірткіні заңсыз сақтау фактісін анықтады. Автокөлікте азаматтық тұлғалармен бірге аудандық полиция бөлімдерінің бірінің қызметкері болған. Аталған қызметкер ішкі істер органдарынан теріс себептермен жұмыстан шығарылды”, – деп хабарлады қалалық полиция департаменті.
Қазіргі уақытта аталған оқиға бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұрынғы полиция қызметкерінің әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.