Шымкентте жоқ сүтке 5 миллиард субсидия бөлінген
Шымкентте сүт өндірмеген кәсіпорындардың жалған құжаттар арқылы миллиардтаған теңге мемлекеттік субсидия алғаны анықталды, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Kozachkov offside Telegram арнасының мәліметінше, Шымкент қаласының Мемлекеттік ішкі аудит департаменті прокуратураның үйлестіруімен және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен бірлесіп, ауыл шаруашылығына бөлінген субсидиялардың жұмсалуына тексеру жүргізген.
Тексеру барысында сүт өндіреді деп көрсетілген 12 кәсіпорынның іс жүзінде ешқандай өнім өндірмегенібелгілі болған. Соған қарамастан олар жалған құжаттар рәсімдеп, мемлекеттен 5 миллиард теңге көлемінде субсидия алған.
Бұдан бөлек, өткен жылдың соңында Мемлекеттік ішкі аудит департаменті «Новое молоко», «Майлы-Сүт», «Молочный мастер» және «IS Молоко» компанияларының қызметінен қаржылық заңбұзушылықтарды анықтаған.
Аудит қорытындысына сәйкес, бірқатар кәсіпорындар сүтті жеткізген болып көрсетсе, ал «Молочный мастер»ЖШС оны өңдеген болып рәсімдеген. Осы схема арқылы мемлекеттен 1 миллиард теңгеден астам субсидия төленген.
Тексеру материалдары алдымен Шымкент қаласының Ауыл шаруашылығы басқармасына, кейін прокуратураға жолданған. Кейін прокуратура құжаттарды Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жіберіп, қылмыстық іс тіркелген.
Тергеу барысында тінту жүргізіліп, сүт жеткізушілері жауап алынған. Нәтижесінде өнім өндіретін зауыттың жұмыс істемегені, ал сүт тапсырды деп көрсетілген 15 шаруа қожалығында мүлде сиыр болмағаныанықталған. Тек осы төрт компанияның қызметінен мемлекетке келген шығын 1,3 миллиард теңгеден асқан.
Алайда кейін прокуратура қылмыстық істі тоқтатқан. Қадағалау органы бұл шешімді қылмыстық процеске қатысушылардың аудит қорытындысымен таныстырылмауы, аудит тұжырымдарының мерзімінен бұрын жасалуы және мәмілелердің жарамсыз деп танылмауымен түсіндірген.
Осылайша аудит жалған құжаттарды анықтап, тергеу бұл деректерді растағанымен, іс бойынша қылмыс құрамы жоқ деген шешім қабылданған.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0