ШҚО әкімі орынбасарының тойына Бас мүфти командасымен барған (ФОТО)
«Замәкім» дінбасыға қымбат жағалы шапан жауып, басына құндыз бөрік кигізді.

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов Алматыға арнайы келіп, аса қымбат мейрамханада аста-төк той жасаған, деп хабарлайды sadaq.kz сайты Todayinfo-ға сілтеме жасап.
Шенеунік әке-шешесінің отау құруының 55 жылдығына арнап той жасағае. Той Өскеменде, не Семейде, не Аягөзде емес, Алматыдағы ең қымбат «Louvre» мейрамханасының «Ball Room» залында өтті.
«Сірестіріп жайылған дастархан санымен есептесек, тойға 300-дей қонақ жиналды.Тойдың бас қонағы Бас мүфти Наурызбай Өтпенов сияқты. «Замәкім» дінбасыға қымбат жағалы шапан жауып, басына құндыз бөрік кигізді. Дінбасы «сойған түлкідей» ыржалақтап риза боп қалды», — деп жазды Ораз Әлімбет.
Қоғам белсендісінің сөзінше, замәкімнің әйелі де дінбасының бәйбішесіне осындай сый-сияпат көрсеткен.
«Мұндай шапан-бөрік күнделікті киетін киім емес, қат-қат боп сандықта шаң басып жиналып жатады. «Бай — байға, сай сайға құяды» дегендей, сондай бір шапан-бөрікті Наурызбай қажы да сандығына шығарып әкеп замәкімнің әке-шесіне жапты… Ысыраптың «көкесі» осы емес пе?!..»,- деп жазды ол.
Тойға Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановта қатысқан. Оған да замәкім шапан жауып, бөрік кигізді.
«Тойда Б.Байахметовтің тікелей бастығы– облыс әкімі төбе көрсетпеді. Есесіне облыс әкімінің баспасөз хатшысы Бауыржан Айтқазин жұмысын былай ысырып қойып, сонау Өскеменнен ат арылтып Алматыдағы тойға келіпті. Абай облысы Дін істері басқармасының жетекшісі Сейілбек Ысқақовтың басқа облыстың замәкімін, әлде Бас мүфтиді қолпаштап Семейден келгенін тойшы қауым түсіне алған жоқ. Замәкім әке-шешесіне арнаған мерейтойды нарықтағы гонорары ең қымбат әншілер – Қайрат Нұртас, Медеу Арынбаев, Жеңіс Сейдулла, Роза Әлқожа сияқты эстрада жұлдыздары мен күйшілер-бишілер думандатты. Қазақтың қаһарман батыры Қабанбайша киініп алған ірі денелі қазақ жігіттер де, ұлы далада самғаған ителгі-бүркіт те той декорациясының бөлшегі боп біршеттеменмұндалап тұрды. Әрине, бұлар тойға сауын айта келіп тегін үлес қоспағаны анық. Алматыдағы аста-төк тойға қанша қаржы жұмсалғанын мемлекеттік қызметкер – замәкім Бақытжан Байахметовтің өзі ғана біледі… Жалпы, исламда ысырапшылдыққа, ән-күйге, ішімдікке тыйым салынған. Мүфтияттың ысырапшылдыққа қарсы шығарған арнайы пәтуасы бар. Мүфтият шығарған пәтуаны Бас мүфтидің өзі де орындамайтынын осы тойдан көрдік. Парадокс…», — деді қоғам белсендісі.
ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та халық қазынасын ысырап қылмауға, бюджет қаржысын үнемдеуді ылғи үндеп келеді. Десе де, Бақытжан Байахметов секілді шенеуніктер оған әлі құлақ аспай жүр. Сондықтан болса керек, Алматыдағы той құпия жағдайға жақын өтті. Бірақ та бұрыш-бұрышты, қуыс-қуысты тіміскілеп эксклюзив іздеп жүретін журналистер бүткіл фактіні тауып алды. Қалай десек те, замәкім Шындықтан қашып құтыла алмады… Ал мұны Ақорда біле ме екен?!.
Сіздің реакцияңыз қандай?






