«Талай қыздың бағын ашты»: Ерке Есмахан ұстазы Баян Мақсатқызына алғысын айтты (ФОТО)
Танымал әнші Ерке Есмахан продюсер Баян Мақсатқызына құрметі мен алғысын білдіріп, әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында Баян Мақсатқызының өз шығармашылық жолындағы еңбегін ерекше атап өтіп, оны өнердегі анасы екенін айтты.
«Баян Мақсатқызы – өнер жолымдағы анам десем, артық айтқаным емес. Ең алғаш кездескен күнім әлі есімде. Сонау жылдары Баян Мақсатқызы мені қабылдап, қанатының астына алды. «Сен жеке әнші болуың керек» деп, арманымды түсінді. Маған сенді. Ақылшым да, бағыт берушім де болды. Қыз бала ретінде әдемі сөйлеуді, талғаммен киінуді, өзіңді қадірлеуді, таңдау жасауды, сахнада еркін әрі лайықты ұстауды көрсетті. Баян Мақсатқызы – тек менің ғана емес, бүгін қазақ сахнасында жарқырап жүрген талай қыздың бағын ашқан, талай таланттың жолын қалыптастырған үлкен продюсер»,– деді әнші.
Сондай-ақ әнші Баян Мақсатқызының қызымен бірге түскен суретін жариялап, «Бұл кісінің алдына жүгіріп бәрін өзім жасай кетемін. Қайын апам екенін де ұмытпаймын», – деп жазды.
Әнші жаңа альбомын көрсетер сәтте Баян Мақсатқызынан тілек сұрағанын айтып, оның шынайы әңгімесін тыңдап көзіне жас алғанын да жасырмады.
“Тыңдап отырып жылап қалдым. Сіздер де тыңдаңыздар”, – деді Ерке Есмахан.
Баян Мақсатқызы да Ерке Есмаханға ақ тілегін арнап, алғаш танысқан сәтін еске алды.
“Көп жыл бұрын кастингіме аппақ, нәзік, жанарында аңғалдық бар бір қыз келді. Ол маған қарап, ғажайыпқа сенді. Мен де бұл қыздың бір күні нағыз ғажайыпқа айналатынына сендім. Арада талай жыл өтті. Бүгінде ол мықты, өте талантты, сүйікті әрі танымал әншіге айналды”, – деді продюсер.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0