Тәжікстан ІІМ балгер, емші, сиқыршы, жалған молдалардың тізімін жасап жатыр

Министрлік азаматтарды «арнайы бақылау тізіміне енгізіліп балаларының алдында ұятқа қалмау үшін» осы санаттағы адамдардан бойын аулақ ұстауға шақырады.

Қазан 22, 2026 - 14:29
 0  7
Тәжікстан ІІМ балгер, емші, сиқыршы, жалған молдалардың тізімін жасап жатыр
Фото: Kazinform

Тәжікстан Ішкі істер министрлігі балгерлер, сиқыршылар, жезөкшелер, нашақорлар және алаяқтық әрекеттерге қатысы бар басқа да тұлғалар туралы ақпаратты қамтитын арнайы дерекқор құру үстінде, деп хабарлайды sadaq.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

— Ырымшылдықтың, балгерліктің, сиқыршылықтың және алдаумен байланысты басқа да әрекеттердің алдын алу мақсатында балгерлер, сиқыршылар, кезбе жалған молдалар, жезөкшелер, олардың клиенттері мен туыстары, нашақорлар және осы әрекеттерге қатысы бар басқа да адамдардың есімдері Ішкі істер министрлігінің арнайы дерекқорына енгізіліп жатыр. Бұл адамдар үнемі бақылауда, — деп мәлімдеді Тәжікстан ІІМ баспасөз қызметі.

Министрліктің мәліметінше, дерекқордағы ақпарат тиісті органдардың сұранысы бойынша беріледі.

Министрлік азаматтарды «арнайы бақылау тізіміне енгізіліп балаларының алдында ұятқа қалмау үшін» осы санаттағы адамдардан бойын аулақ ұстауға шақырады. Бұған дейін Тәжікстанның ішкі істер министрі Рамазан Рахимзода 2026 жылдың басында 5000-нан астам балгер, сиқыршы және «қаңғып жүрген жалған молда» тіркелгенін хабарлаған болатын.

Душанбе қалалық ішкі істер басқармасының мәліметі бойынша, 2026 жылдың бірінші жартысында ел астанасында балгерлікпен айналысудың 93 дерегі анықталды. Тағы 11 азаматқа балгер қызметін пайдаланғаны үшін айыппұл салынған.

Тәжікстанда балгерлік пен сиқыршылық еткені үшін 100 есептік көрсеткішке дейін айыппұл немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамақ жазасы белгіленген. Осы әрекеттер бір жыл ішінде қайталанса, екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соғады.

Автор
Шығарушы редактор
Жарияланды:
Барлық материалдары

Сіздің реакцияңыз қандай?

👍 Ұнады 0
👎 Ұнамады 0
😍 Керемет 0
😂 Күлкілі 0
😡 Сұмдық 0
😢 Қайғылы 0
😮 Жарайсың 0