Тоқаев Астанадан Каспийге дейін жол салуды тапсырды
Жаңа күре жол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартпақ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ірі инфрақұрылымдық жобаның – Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік бағытына тікелей шығатын тас жол құрылысының басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sadaq.kz.
– Осы тұста тағы бір маңызды инфрақұрылымдық жоба қолға алынатыны туралы жариялағым келеді. Мен Үкіметке Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысын бастауды тапсырдым. Жаңа күре жол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартады.
Бұл – тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды жоба. Бұдан бөлек Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал салған жөн. Бұл жоба ішкі көлік қатынастарын едәуір жақсартады.
Сондай-ақ, орталық аймақтағы ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге және мал шаруашылығын дамытуға тың серпін береді. Елімізде машина жасау, металлургия, мұнай-химия, агроөнеркәсіп және көлік-логистика салаларында мұндай жобалар аз емес, – деді Президент Ұлттық құрылтай отырысында.
Сіздің реакцияңыз қандай?






